Жаңалықтар

Euronews Қазақстан туралы екі жаңа бағдарлама түсірді

Казахстан

Euronews телеарнасы Қазақстанның туристік бағыттары туралы түсірілетін Modern Nomads бағдарламасының екі жаңа эпизодының түсірілімін аяқтады. Бұл жолы түсірілім тобы Байқоңыр мен Катон-Қарағай өңірлеріне сапар шекті. Эпизодтар 2025 жылдың қыркүйек айында эфирге шығады деп жоспарланып отыр.

Байқоңырдағы түсірілім кезінде команда ғарыш айлағында өткен зымыран ұшыру сәтінің куәсі болды. Мұндай тарихи оқиғалар Байқоңырда жылына орта есеппен алты-жеті рет өтеді. Бағдарлама барысында көрермендер «Гагарин старты», «Буран» кемесі, Байқоңыр қалалық музейі секілді нысандармен таныса алады. Сонымен қатар, динамикалық сынақтар стенді мен монтажды-отын құю кешені де көрсетіледі.

Euronews тобы Қызылорда облысының киелі жерлеріне де ат басын бұрды. Атап айтқанда, Корқыт ата мемориалдық кешені мен облыстық өлкетану музейі бағдарламаға енген.

Бағдарламаның екінші бөлімі – Катон-Қарағай ұлттық паркіне арналған. Түсірілім тобы Рахман қайнары мен Көккөл сарқырамасына, сондай-ақ Ұрыл мен Коробиха ауылдарына барды. Эпизодта халық медицинасын таныстыруға ерекше назар аударылады. Репортаж пантамен емдеу, апитерапия, жергілікті шикізаттан жасалатын биоқоспалар мен дәрілік өнімдер туралы баяндайды.

Kazakh Tourism ұлттық компаниясының мәліметінше, бұл бастама Қазақстанның экотуризмі мен мәдени байлығын шетелдік аудиторияға таныту мақсатында жүзеге асырылып отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қатон-қарағайға келетін туристер саны шектелуі мүмкін екенін жазған едік.