Қатерлі ісікке қарсы вакцина: миф әлде шынайы революция басталды ма?

Жарияланды 17 Шілде 2025 20:00

(жаңартылды 30 Шілде 2025 15:58)
Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
Қатерлі ісікке қарсы вакцина / фото: ЖИ

Қатерлі ісікке қарсы вакцина – кеше ғана мүмкін емес жаңалықтай көрінген. Алайда бүгінгі таңда бұл шындыққа айналып жатыр. 2025 жылдың басында ұйқы безі мен бүйрек ісігіне шалдыққан науқастарға арнап жасалған вакциналар бойынша екі шағын клиникалық зерттеу жақсы нәтиже көрсетті. Бұл вакциналар иммундық жүйені ағзада бар қатерлі ісік (рак) жасушаларын тануға және жоюға үйретеді.

Идеядан – шынайы медицинаға

Иммунитет арқылы емдеу тұжырымы алғаш рет 130 жылдан астам бұрын айтылды. 1891 жылы америкалық хирург Уильям Коли қатерлі ісіктер кейде бактериалды инфекциядан кейін кішірейетінін байқаған. Коли алғашқы «вакцинаны» – инактивтелген бактериялар қоспасын жасап көрді. Алайда ол кезеңде медицина бұл құбылысты түсінбеген соң, бұл идея ұзақ уақытқа ұмыт қалды.

Тек ХХ ғасыр соңында вакцинация қатерлі ісікке қарсы қолдану тұрғысынан қайта қызығушылық тудырды. 1981 жылы гепатит B вирусына қарсы вакцина қолданысқа енгізіліп, бауыр ісігінің даму қаупін төмендетуге көмектесті. 2006 жылдан бастап ВПЧ (адам папилломасы вирусы) қарсы вакцина жатыр мойны қатерлі ісігін алдын алудың тиімді жолына айналды.

Сонымен қатар 1976 жылдан бастап БЦЖ вакцинасы (туберкулезге қарсы) қуық ісігіне қарсы ем ретінде қолданылды. Бұл вакцина 1990 жылы алғаш рет ресми бекітілген емдік рак вакцинасынa айналды.

Терапевтік вакциналар және мРНҚ технологиясының серпіні

Емдік (терапевтік) вакциналар рак жасушаларын жойып, рецидивтің алдын алуға бағытталған. Мұндай вакциналар хирургиялық отадан немесе химиотерапиядан кейін – яғни рак көзін жойғаннан кейін, қалған микрожасушаларды табу және жою үшін қолданылады.

Науқастың өз ісік жасушаларына негізделген жекелендірілген вакциналар бұрыннан тәжірибеден өткізіліп келді. Алайда олар өте қымбат және өндірісі күрделі.

Ситуация COVID-19 пандемиясынан кейін өзгерді. мРНҚ платформасына негізделген вакциналар тез әрі нақты иммундық жауап қалыптастыра алатыны дәлелденді. Осы технология енді ракпен күресте де сәтті қолданылуда.

Қазіргі вакциналардың түрлері

Қатерлі ісікке қарсы вакциналар екі топқа бөлінеді:

  • Профилактикалық вакциналар – ракқа себепші вирустарды жояды (гепатит B, ВПЧ);
  • Терапевтік вакциналар – ісік бар адамдарға арналған, олар иммундық жүйеге рак жасушаларын тануды үйретеді.

Бүгінде зерттеулердің көбі терапевтік вакциналарға бағытталған. Әсіресе мРНҚ негізіндегі вакциналар ерекше қызығушылық тудырып отыр – олар нақты науқасқа бейімделіп, бірнеше апта ішінде жасалады.

2025: Ұйқы безі ісігіне қарсы алғашқы мРНҚ-вакцина

2025 жылы Nature журналында жарияланған зерттеуде ұйқы безінің обырына шалдыққан 16 науқасқа операциядан кейін арнай вакцина жасалып енгізілді. Вакцина иммунитетті іске қосып, рак жасушаларын тануға үйретті. Нәтижесінде 8 науқастың алтауында 3 жыл ішінде рак қайталап шықпады.

Бұл зерттеу вакцинаның қауіпсіз екенін де көрсетті, алайда ұзақмерзімді тиімділікті бағалау үшін ірі масштабтағы сынақтар қажет.

Қай рак түрлеріне қарсы вакцина жасалып жатыр?

  • Меланома: арнап жасалған вакцина аурудың қайталану қаупін екі есе азайтты.
  • Бүйрек ісігі: операциядан кейін вакцина енгізілген пациенттерде 3 жылдан астам уақыт бойы рак қайтпады.
  • Агрессивті сүт безі рагы: алдын алу мақсатында иммунитетті «дайындау» тәсілі сынақтан өтуде.
  • Глиобластома: вакцина енгізілген науқастардың 54%-ы бір жылдан кейін өмір сүріп жатты (бұл көрсеткіш әдеттегіден екі есе көп).

Қиындықтар мен келешек

Ауру түріне арнап жеке жасалатын вакциналар кеңінен таралу үшін бірнеше мәселені шешу қажет:

  • Ісіктің өзгеруі: рак жасушалары мутацияға бейім, сондықтан вакцина бірнеше антигенге бағытталуы керек.
  • Иммундық жүйенің тежелуі: кей ісіктер иммундық жауапты «сөндіреді», сондықтан вакцинаны иммунотерапиямен біріктіру қажет.
  • Бағасы мен қолжетімділігі: жекелендірілген ем қымбат әрі арнайы инфрақұрылымды қажет етеді.
  • Нәтижені бағалау қиындығы: рактың жойылуы әркезде көрінбейді, сондықтан тиімділікті ұзақ уақыт бойы зерттеу керек.

Қатерлі ісікке қарсы вакциналар — бұл медицинадағы маңызды серпіліс. Әсіресе мРНҚ технологиясы арқылы жеке ем жасау мүмкіндігі – бұрынғы емдеу тәсілдерінен мүлдем өзгеше. Алайда бұл вакциналар жаппай сатыла бастайды деуге әлі ерте. Олар күрделі, қымбат және нақты науқасқа бейімделіп жасалады. Бірақ қазіргі зерттеулер көрсетіп отырғандай, қатерлі ісікпен күресте үміт бар.

Сондай-ақ оқыңыз