
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Жамбыл облысындағы филиалына қатысты полиция сотқа шағым түсірді. Бұған себеп – «Алматы–Ташкент–Термез-2» автожолының «Күйік ескі асуы» бөлігіндегі жол қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы, деп хабарлайды Тараз қаласының соты.
2025 жылғы ақпанда әкімшілік полиция инспекторы аталған жол учаскесінің техникалық жағдайын тексерген. Тексеру нәтижесінде жол қауіпсіздігіне қатысты 13 заңбұзушылық анықталып, оларды жою туралы нұсқама берілген. Алайда, аталған кемшіліктер жойылмаған.
Сот отырысында «ҚазАвтоЖол» филиалының өкілі өздеріне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл жол учаскесіне жауапты мердігер ұйым, ал ұлттық компания бұл құқықбұзушылыққа жауапты субъект емес. Осыған байланысты іс жүргізуді тоқтатуды сұрады.
Алайда әкімшілік полиция инспекторы жолда жиі жол-көлік оқиғалары тіркелетінін, жүргізушілер тарапынан көп шағым түсетінін айтып, жауапкершілікке тартуды сұрады.
Сотта филиалдың кінәсі тексеру актілерімен, нұсқама, анықтама, хаттамалар және өзге де құжаттармен дәлелденді.
Нәтижесінде сот «ҚазАвтоЖол» филиалын кінәлі деп танып, оған 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 1 миллион 966 мың теңге айыппұл салды. Рұқсат етілген қызмет түрлерін тоқтату немесе шектеу шаралары қолданылған жоқ.