
Соңғы күндері әлеуметтік желілерде «Қызылжар» футбол клубы ойыншыларының жаттығудан екі күн қатарынан бас тартқаны туралы ақпарат тарады. Бұл мәлімдемелерге байланысты клубтың баспасөз қызметі ресми түсініктеме берді.
Клубтың хабарлауынша, 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларындағы жалақының кешіктірілуіне қаржыландыру туралы келісімшарттың дер кезінде жасалмауы себеп болған. Бұл жағдай клубтың емес, тапсырыс беруші тараптың кінәсінен орын алған. Қазіргі таңда мәселе шешімін тауып, жуық арада барлық берешек толық өтеледі деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, маусым айындағы жалақыны төлеу де тапсырыс берушінің құжаттарды уақытылы рәсімдемеуінен кешіккен.
«Клубты қаралауға бағытталған мүдделі тараптар мен жалған ақпарат таратушыларға сенбеулеріңізді сұраймыз. ‘Қызылжар’ футбол клубы мен оның басшылығы ойыншылардың, қызметкерлердің және жанкүйерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда», — делінген ресми мәлімдемеде.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Жетісу» футбол клубының экс-директоры 31,9 млн теңге жымқырғаны үшін сотталған еді.