Алакөлге құятын өзен басында шошқа асырап, суды ластаған қожалық жауапқа тартылды

Алакөлге құятын өзен басында шошқа асырап, суды ластаған Qaratas шаруа қожалығының экологиялық талаптарды бұзғаны анықталып, аймақтан көшірілген. Бұл туралы Экология министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәселенің мән-жайы
Әлеуметтік желіде Жетісу облысы Алакөл ауданы Үшбұлақ ауылдық округінің тұрғындарының видеосы тарады. Елдімекен халқы Алакөлге құятын өзен басында шаруа қожалығының жабайы шошқа асырап жатқанын, маңайды сасық иіс басып кеткенін хабарлаған. Сонымен бірге тұрғындар жабайы шошқаның ішек-қарны әр жерде шашылып, өзеннің ластанып жатқанын айтып, биліктен жағдайды реттеуді сұраған.
«Мынау Қарабұлақ өзені, бұл Қызылтауға құяды. Қызылтау Алакөлге құяды. Соның басында, дәл тұмада Qaratas деген шаруа қожалығы жабайы шошқа асырап жатыр. Иісі сұмдық, шыдау мүмкін емес. Қара халық көтеріліп кеп жатыр. Алакөлге құятын сасық суға бүкіл Қазақстанның және шетелдің туристері түсіп жатыр. Осыған бір шара қолдануларыңызды сұраймыз», – дейді видео авторы.
Экология министрлігінің жауабы
Экология және табиғи ресурстар министрлігі видео тараған соң, бірден өңірге барып, жағдайды бақылауға алған.
«Әлеуметтік желілерде жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша Жетісу облысы Алакөл ауданы Үшбұлақ ауылдық округінің аумағында шошқа өсірумен айналысатын «Qaratas» ШҚ маңынан жағымсыз иіс шығатыны жөнінде материалдар жарық көрді. Бейнеролик осы жылдың 21 сәуірінде жарияланып, дереу уәкілетті мемлекеттік органдармен тиісті жұмыс жүргізілді», – делінген министрлік хабарламасында.
Жетісу облысы бойынша экология департаменті өңірде тексеріс жүргізіп, бірталай олқылықтар анықталған соң, Алакөл ауданының полиция бөліміне хат жолдаған. Содан кейін, іске табиғат қорғау полициясы да араласып, шошқа асыраған шаруа қожалығына олқылықтарды жою туралы нұсқама берген.
Шошқа қожалығы көшірілген
Шаруа қожалығы туристер үшін әкелінген жабайы доңыздарды алып кеткен. Ал заңсыз тұрғызылған нысандар бойынша Жетісу облысының Жер ресурстарын басқару департаменті тексеріс жүргізіп, жер учаскесінің нысаналы мақсатында көзделмеген күрделі объектілердің құрылысын анықтаған.
«Шаруашылық басшысына қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, аталмыш бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді», – деп хабарлайды министрлік.
2025 жылдың шілде айында өзен басына барып тексеріс жүргізген министрлік өкілдері шошқа өсіру жұмыстарының тоқтағанын, құрылыс алынып, табиғи ландшафт қалпына келтірілгеніне көз жеткізген.
«Қарабұлақ өзенінің сағасында жаяу туристердің сүйікті серуендеу орны қайтарылды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Айта кетейік Алакөлде туристер үшін жағдай жасалмағанын, инфрақұрылымның нашар екенін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтты. Президент үкімет жұмысын сынға алып, құзырлы органдарға жағдайды дереу реттеуді тапсырған болатын.