Алматының тау бөктерінде заңсыз салынған таунхаус сүріліп жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Тау бөктеріндегі таунхаус неге сүріліп жатыр
Алматының тау бөктерінде салынған таунхаус сүріліп жатыр / Фото: Алматы әкімдігі

Алматының тау бөктерінде салынған таунхаус сүріліп жатыр. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Сот шешімі бойынша Оспанов көшесі, 89/91 мекенжайындағы нысан сүрілетін болды», – делінген Алматы қаласының Қала құрылысын бақылау басқармасының хабарламасында.

Нысанды сүруге жекеменшік иесінің нысанды тиісті құжатсыз салғаны себеп болған. Басқарманың мәліметінше, құрылыс иесі нысанның тірек қабырғасын ешқандай рұқсатсыз тұрғызған. Бұл олқылықтар жоспардан тыс жүргізілген тексеріс аясында анықталған.

Бұдан кейін басқарма қажетті әкімшілік шаралар қабылдап, меншік иесіне нұсқамалар берген. Алайда көрсетілген мерзімде әкімдік нұсқамалары орындалмаған соң, басқарма нысанды бұзу жөнінде сотқа талап арыз жолдаған.

Басқарма талабын 2024 жылы 12 сәуірі күні Медеу аудандық соты қанағаттандырған. Ал 2024 жылдың 1 шілдесінде Алматы қалалық соты аудандық соттық алғашқы үкімін өзгеріссіз қалдырған.

Солайша басқарма, Әділет департаментінің сот орындаушыларының қатысуымен нысанды сүруге кіріскен.

Айта кетсек, Алматы қаласында заңсыз салынған нысан жеткілікті. Осы уақытқа дейін бірталай нысан сүрілді. Олардың ішінде паркингтер мен тұрғын үй нысандары да бар. Мәселен, 10 маусым күні Orda City тұрғын үй кешені сүрілгені хабарланды. Бұл нысан да қажетті құжаттарсыз салынған. Ал 2024 жылдың күзінде Бостандық ауданында орналасқан Monblanc қымбат тұрғын үй кешені бұзылды. Бұл нысан да әкімдіктің рұқсат қағазынсыз бой көтерген.

Сондай-ақ оқыңыз