
Болашақта АЭС салынатын Балқаш көлінің деңгейі жарты жылда 32 см-ге көтерілген. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«2025 жылдың бірінші жартысында Балқаш көлінің деңгейі орта есеппен 32 см-ге көтерілді. Нақтырақ айтқанда, Балтық жүйесі бойынша 341,55 метрден 341,87 метрге дейін», – делінген баспасөз хабарламасында.
Министрліктің мәліметінше, осы жылдың 6 айында Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасынан Балқаш көліне 8,52 млрд текше метр су жіберілген. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда айтарлықтай көп. Өткен жылы осы кезеңде Балқашқа 8 млрд текше метр су жіберілген. Осының нәтижесінде су деңгейі әдеттегіден жоғары болған.
Жыл соңына дейін Қапшағай су қоймасынан көлге жалпы 12 млрд текше метр су жіберілмек. Негізінен Балқаштағы су көлемі трансшекаралық Іле өзенінен келетін суға байланысты өзгеріп отырады.
Балқаш көлі және АЭС
Үкімет Балқаш көлін сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Себебі АЭС-ті осы көлде салу жоспарланып отыр. Министрлік көлді сақтау үшін Француз ғылыми консорциумының ғалымдарымен су айдынына зерттеу жүргізген болатын.
«Балқашты сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөліп отырмыз. Биыл Француз ғылыми консорциумымен бірлесіп ұйымдастырылған көл бассейнін зерттеу мақсатында ауқымды далалық экспедиция өткен болатын. Француз сарапшыларымен бірлесіп жүргізіліп жатқан жұмыс барысында 2040 жылға дейінгі болжаммен Балқаш көлін сақтау бойынша мастер-жоспар әзірленеді. Бұған Францияның Даму агенттігі және Геологиялық және тау-кен зерттеулері бюросымен бірге қол қойған үшжақты келісім аясында қол жеткізілді», – дейді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Министрлік өткен жылы Балқаштың соңғы 10 жылда бірінші рет 100%-ға толғанын хабарлады. Биыл да су көлемі мол болады деп күтіледі. Осы жылы су көлемінің жеткілікті болуына байланысты Алматы облысындағы Ақдала мен Шеңгелді суармалы алқаптарында вегетациялық кезең сәтті өткен.
Айта кетсек, Балқаш көлінде, Алматы облысының Үлкен ауылында ең бірінші АЭС салынады. Енді көлдің қалыпты деңгейін сақтап отыру маңызды. Бұл үшін Қазақстан тарапы Қытаймен келіссөздер жүргізіп жатыр. Балқаш деңгейі төмендеп кетпеу үшін Қытай жыл сайын көлге қажетті мөлшерде су жіберіп отыруы керек.