Тоқаев басы артық шығындарды азайтуды тапсырды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Тоқаев Смайыловты қабылдады
Тоқаев Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдады /Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдап, мемлекеттік аудит жүйесін кезең-кезеңімен дамытуды тапсырған. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Смайылов 2025 жылдың 1 жарты жылында 20 трлн теңгені қамтитын 12 ірі мемлекеттік аудит жүргізілгенін айтқан. Бұл өткен 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,1 есе артық.

Жоғары аудиторлық палата орта білім беру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, цифрлық даму, электр энергетикасы және жоғары жетістіктер спортын қаржыландыру салаларына жіті тексеріс жүргізген. Жүргізілген аудит барысында үкімет пен аудит нысандарына 60-тан астам ұсыным мен 450 тармақтан тұратын ұйғарым берілген. Ал 20 факті бойынша іс материалдары жинақталып, құқық қорғау органдарына тапсырылған.

«Президентке Жоғары аудиторлық палатаның ұсынысымен әзірленген заңнамалық бастамалар жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет берілді», – деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметі.

Сонымен бірге Жоғары аудиторлық палатаның бюджеттен тыс қорларды тексеру құзыретіне ие болғаны кездесу барысында тілге тиек етілген. Осы құзыретінің арқасында Ұлттық қор қаржысын мониторингтеу жөніндегі комиссия жұмысы қайта ұйымдастырылған. Комиссия қор қаражатының жұмсалуын бақылап, ақшаның қайда жұмсалып жатқанына байланысты барынша ашықтықты қамтамасыз етеді.

Смайылов есебін тыңдап болған соң, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аудит жүйесін кезең-кезеңімен дамытуды және аудит тиімділігін арттырып, ашықтығына баса мән беруді тапсырған.

Президент мемлекет қаражатының қайда және қалай жұмсалып жатқанын бақылау үшін заманауи цифрлық технологияларды енгізу қажет екенін айтқан. Сондай-ақ басы артық шығындарды азайтып, ұлттық ресурстардан түсетін пайданы барынша еселеуге басымдық берудің маңыздылыған тоқталған.

Айта кетейік, қыста Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың қайда жұмсалатына мониторинг жүргізетін Комиссия жұмысын қайта бастағаны жөнінде хабарланған. Ол кезде комиссия құрамы жаңарғаны айтылған еді.

Сондай-ақ оқыңыз