Жаңалықтар

Алматыдағы газ құбырының шығынын мердігер компания өтейді

Фото: ашық дереккөзден

16 шілдеде Алматы қаласында Бұқар Жырау бульвары мен Байзақов көшесінің қиылысында газ құбыры жарылды. Бұдан келген залалды мердігер ұйым өтейтін болды. Бұл туралы «QazaqGaz Aimaq» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

«Біз жедел әрекет еттік, аумақ қоршалып, алғашқы тексеру жүргізілді. Газбен қамтуда ақау жоқ, қауіп жоқ. Келтірілген залалды мердігер ұйым өтейді. Әлеуметтік жауапты компания ретінде жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Біз халықпен біргеміз», – деді компанияның Алматы филиалының директоры Ақылбай Сапаров.

Еске салайық, оқиға жер астындағы жаңа газ құбырына сынақ жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде болған. Жұмысты «СантехКомплектГрупп» ЖШС атқарған.

Технологиялық тығынды кесу барысында диаметрі 426 мм құбыр жарылып, ауа қоспасы сыртқа шыққан. Салдарынан жол жабыны, бір ағаш және Toyota автокөлігі зақымданған. Соққының күшінен көлік аударылып кеткен. Бір көліктің жүргізушісі мен жолаушысы зардап шегіп, медициналық көмек көрсетілген.

Компания мәліметінше, қалпына келтіру жұмыстары басталып кеткен. Оқиғаның салдарын жоюға қатысты барлық қажетті шаралар қысқа мерзім ішінде аяқталады.