АҚШ 150-ден астам елге тағы да жаңа кедендік баж салығын енгізбек

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Дональд Трамп тағы да жаңа кедендік тарифтер енгізбек/ Фото: ашық дереккөзден

АҚШ президенті Дональд Трамп Real America’s Voice телеарнасына берген сұхбатында 150-ден астам елден келетін импорттық тауарларға кедендік баж салығын енгізбекші екенін мәлімдеді. Жаңа тарифтер 10-15% көлемінде болады деп хабарлайды Bloomberg агенттігі.

«Тарифтер шамамен 10 немесе 15 пайыз болады, әзірге нақты шешім қабылданған жоқ», – деп нақтылады Трамп.

Бұған дейін ол аталған елдерге төлем жасау қажеттігі туралы ескерту жіберілетінін айтқан. Жаңа тарифтер 1 тамыздан бастап күшіне енеді. Ескерту хаттары Жапония мен Оңтүстік Корея секілді кейбір мемлекеттерге әлдеқашан жіберілген көрінеді. Ал өзге елдерге де жаппай хат жолданып, онда нақты тариф көрсетіледі.

Дегенмен Трамп егер кейбір елдер АҚШ-қа тиімдірек шарт ұсынатын болса, олармен жеке-жеке келісім жасасуға дайын екенін жеткізді.

Осыған дейін Мексика мен Еуропалық Одақтан келетін импортқа 30% тариф енгізетінін ескерткен. Ал  ЕО өз кезегінде сауда келісіміне қол жеткізуге талпынатынын, бірақ қажет болған жағдайда одақ мүддесін қорғау үшін осыған парапар қарсы шара қабылдайтынын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз