
Бұған дейін шығыны көп компания саналған «Шұбаркөл премиум» 2024 жылы 5 млрд теңге пайда тапқан. Қызығы 2023 жылы ғана кәсіпорын 2 млрд теңгеден аса шығынға батқан еді. Бұл жайлы Қазақстан қор биржасында жарияланған есепте жазылған.
Мұндай серпіліс жасауына сатылған өнімнің өзіндік құны мен операциялық шығындардың қысқаруы себеп болған. 2023 жылы компаниядағы сатылған өнімнің өзіндік құны 18 млрд теңге болса, 2024-те екі есе қысқарып 9,1 млрд теңге құрады. Әкімшілік шығындар 8 млрд теңгеден (2023) 1 млрд теңгеге дейін (2024) азайды.
Операциялық пайда көлемі де өсіп 2,2 млрд теңгеден 8,7 млрд теңгеге дейін жетті.
Басты қаржылай көрсеткіштердің бірі компанияның операциялық қызметтен ақша ағыны 2023 жылмен салыстырғанда азайған:
- 2024 жылы: 5,62 млрд теңге
- 2023жылы: 7,47 млрд теңге
Бұған валюта бағамының өзгерістері мен инвестициялық шығындар әсер еткен.
Кәсіпорын активі де өсті
2024 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша компанияның жалпы активтері 88,7 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 17%-ға артты (2023 жылы – 75,8 млрд тг). Ал меншікті капиталы 44,9 млрд теңгеге жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 5,8 млрд теңгеге өсті.
Бірақ компанияның қарыздық жүктемесі де өскен. Қысқамерзімді міндеттемелер 34,4 млрд теңгеден 41,4 млрд теңгеге артты.
«Шұбаркөл премиум» осыған дейін кәсіпкер Тимур Құлыбаевқа тиесілі болған еді. 2024 жылдың 13 қыркүйегінен бастап акционерлері өзгерді. FCI Management LLP ЖШС, «Trans Coal Investment group» ЖШС және Joint Resources АҚ арқылы кен орнын миллиардер Ибрагимов Шухрат пен Кеңес Рақышев иемденді.