Жақсы педиатрды қалай таңдау керек?

Жарияланды
Фото: сурет жасанды интеллект арқылы жасалған

Педиатр – бала өмірі үшін маңызды мамандардың бірі. Оның кеңестері мен тәсілдері, тіпті стильдері де баланың денсаулығына және ата-анасының жағдайына үлкен әсер етеді. Дұрыс маманды қалай таңдау керек? Сіздерге көмек болатын бірнеше кеңестер ұсынамыз.

Клиникалардың орналасуы мен жазылудың оңай екенін бағалаңыз

Ең әуелі жақын маңдағы клиникалар мен емханалардың орналасуын, жұмыс уақытын және онлайн жазылу мүмкіндігін қарап шығыңыз. Егер сізде ерікті медициналық сақтандыру (ДМС) болса, сақтандыру компаниясы келісімшарт жасаған клиникалар тізімін анықтап алыңыз.

Негізінен жаяу барып-келе алатын клиника әлдеқайда ыңғайлы: жолға көп уақыт кетпейді, ал педиатрға баруды баланың күн тәртібіне, мейлі ол сәби болсын, мейлі мектеп оқушысы болсын, оңай сәйкестендіруге болады. Дәрігерге демалыс күндері баруға, анализ тапсыруға немесе баланы вакцинациялауға бола ма, соны да нақтылап алыңыз. Бұл сіздің уақытыңызды қалай жоспарлап, күшіңізді қалай бөлетініңізге көмектеседі.

Таныстардың кеңесін сұраңыз

Достарыңыздан, таныстарыңыздан немесе сенім артатын медицина қызметкерлерінен (мысалы, патронаж медбикесінен) кеңес сұраңыз. Егер балаңыз жасөспірім болса, оның достары қай дәрігерге баратынын және ол дәрігер өздеріне ұнай ма – соны біліп көріңіз.

Интернеттен педиатрлар туралы пікірлерді де оқуға болады, бірақ әр адамның дәрігерге баға беруі әртүрлі екенін ескеріңіз. Мысалы, кейбір ата-аналар кез келген емдеуде кем дегенде 3–5 дәрі болуы керек деп ойлайды және тіпті сол дәрілердің пайдасы дәлелденбесе де, көп дәрі жазып беретін дәрігерді ғана жақсы маман деп есептейді.

«Жалпы педиатрмен алғашқы таныстық бала дүниеге келмей тұрып, әйел босануға дайындалып жүрген кезде болуға тиіс. Осы кезеңде педиатр отбасын танып-біледі, не күтетінін түсінеді және анаға жаңа туған нәрестені күтіп алуға дайындық бойынша кеңес береді», – дейді дәлелді медицина бағытын ұстанатын педиатр Нина Оманова.

Егер дәрігермен байланыс орнамай қалса, педиатрды электрондық үкімет (eGov) қосымшасы арқылы ауыстыруға болады. Ол үшін:

  1. Қосымшаға кіріп,
  2. «Қызметтер» → «Денсаулық сақтау» → «Медициналық ұйымға тіркелу» бөлімін ашып,
  3. Сұраныс қалдыру қажет.

Поликлиника сіз көрсеткен себептерді орынды деп тапса, өтінішіңізді мақұлдайды. Алайда бас тартуы да мүмкін.

Маңызды ескерту: егер сіз тіркелуді нақты тұратын мекенжайыңызға қарасты емес басқа учаскеге жасасаңыз, дәрігер үйге келмеуі мүмкін, себебі бұл аймақ оның қызмет көрсету аумағына кірмейді.

Ұнаған дәрігерлердің біліктілігін зерттеңіз

Дәрігердің қай оқу орнында білім алғанын, қандай курстардан өткенін қарап шығыңыз. Кез келген мамандықтағы жақсы дәрігердің басты белгілері мыналар: шетелде білім алғаны, ағылшын тілін меңгергені және халықаралық сертификаттарының болуы.

Көпшілік ойлағандай, дәрігердің жасы – негізгі көрсеткіш емес. Әрине, ол да маңызды, бірақ жаңадан бітірген жас мамандар да қазіргі диагностика мен емдеудің заманауи әдістерін жақсы меңгерген болуы мүмкін. Ал кейбір жасы үлкен дәрігерлер қазіргі медицинаның дамуынан артта қалып қойған жағдайлар да кездеседі.

Егер отбасыңызда созылмалы аурулар болса, сол бағытта қосымша мамандығы бар педиатр іздеген дұрыс. Мысалы, егер ата-аналардың бірінде астма болса — аллерголог-педиатрды таңдаған тиімді. Себебі балада аллергиялық реакциялар мен атопиялық дерматит пайда болу қаупі жоғары болады.

Педиатрдың блогын немесе әлеуметтік желілерін қарап шығыңыз

Дәрігердің жазбаларын оқып, видеоларын көріңіз — ол қалай сөйлейді, сізбен тіл табыса ала ма, соны бағалаңыз. Жақсы педиатр ата-ананың немесе баланың қорқынышы мен уайымын пайдаланып, қысым жасамауы керек. Кейбір мазасыз балаларда қабылдауға келерде тіпті қан қысымы уақытша көтерілуі немесе мінез-құлқы өзгеруі мүмкін.

Мықты маман медициналық ақпаратты қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізе алады — соның ішінде балаға да. Бала не болып жатқанын көбірек түсінсе, соншалықты аз қобалжиды.

Сонымен қатар, дәрігердің блогындағы материалдарға қарап, оның халықаралық ұсынымдар мен дәлелді медицина қағидаларын ұстанатынын да аңғаруға болады. Мысалы, жазбаларында ағылшын тіліндегі беделді дереккөздерге — AAP (Америкалық педиатрлар академиясы), CDC (Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы), UpToDate сияқты ресурстарға сілтеме жасай ма – соған мән беріңіз.

Мына белгілер педиатрдың дәлелді медицинаны ұстанатынын көрсетеді:

  • Иммуномодуляторларды, вирусқа қарсы және гомеопатиялық дәрілерді тағайындамайды.
    Мысалы: «Виферон», «Арбидол», «Лимфомиозот» сияқты препараттарды жазбайды.
  • Дене қызуына сабырмен қарайды:
    Қызу көтерілгенде үрейленбейді, температура 37,5°C болғанда бірден ыстықты түсіретін дәрі тағайындамайды.
  • Вирустық инфекцияларға қарсы антибиотиктер жазбайды.
  • Клиникалық нақты көрсеткіштер болмаса, УДЗ (УЗИ) немесе анализдерге жолдама бермейді.
  • Екпелерге (вакцинацияға) қатысты нақты ұстанымы бар:
    бейтарап позиция ұстанбайды, вакцинацияны толықтай қолдайды.
  • Баланы емізуді (емшекпен қоректендіруді) қолдайды.

Алғашқы қабылдауға барыңыз

Барар алдында өзіңізді мазалайтын сұрақтардың тізімін алдын ала дайындап алыңыз. Сонымен қатар күтпеген жағдайларда дәрігер онлайн кеңес бере ала ма – соны да сұрап білген пайдалы.

Жақсы педиатр тек ата-анамен емес, баламен тікелей сөйлеседі. Ол балаға жанашырлықпен қарап, сенімді қарым-қатынас орнатуға уақыт бөледі. Сұрақтарға сабырмен, ашуланбай жауап береді.

Қабылдаудан кейінгі әсеріңізді бағалаңыз

Қабылдаудан кейін дәрігердің балаңызбен байланыс орната алды ма, қарауды мұқият жүргізді ме, ауру тарихын (анамнез) толық жинады ма – соны ой елегінен өткізіңіз. Өзіңізді жайлы сезіндіңіз бе? Дәрігер түсінікті тілде, жоғарыдан қарамай, кінәлі сезім тудырмай сөйлесе алды ма? Клиниканың тазалығы мен жалпы атмосферасы туралы қандай әсер қалды?

Егер балаңыз сөйлей алатын жаста болса, оған да дәрігер ұнады ма – соны сұраңыз. Педиатрды таңдау кезінде, әсіресе, жасөспірімдерге қатысты болса, шешімді балаңызбен бірлесіп қабылдаған маңызды. Себебі балалық шақтағы дәрігерге қатысты жағымсыз ассоциациялар болашақта дәрігерлерден қашуға әкелуі мүмкін: ондай балалар өскен соң да медициналық тексерістерден, қабылдаудан қашқақтайды.

«Дәрігер қаншалықты мықты маман болса да, ең бастысы – оның адам ретінде сізге сай келуі. Мен ата-аналарға дәрігердің сырт келбетіне, өзін ұстау мәдениетіне, қалай сөйлейтініне назар аударуға кеңес беремін. Егер ол өзін диктатордай ұстап, дөрекілік көрсетсе, уақытты өткізіп алдыңыз деп кінәласа, бұл мүлде дұрыс емес», – дейді Нина Оманова.

Жақсы дәрігер бәрін түсінікті етіп түсіндіреді: қандай болжам бар, емнің нәтижесі қандай болуы мүмкін, неге бұл дәріні тағайындады, қандай әсер күтеді. Дәрігер қолдау көрсететін, мұқият әрі шешім қабылдай алатын тұлға болуы керек. Егер жалғыз ғана дұрыс жол болса, оны да сыпайы түрде, қысым жасамай, қорқытпай немесе ренжітпей түсіндіруі қажет.

Сондай-ақ дәрігер адал болуы тиіс. Егер ол нақты жағдайға көмектесе алмайтынын байқаса, оны ашық айтуы немесе уақыт сұрап, үзіліс алуы керек.

Автор: Мария Шум

Сондай-ақ оқыңыз