
Ағылшын ғалымдары үш адамның қатысуымен жасалатын ЭКО әдісі балаларды тұқым қуалайтын аурулардан сақтайды деп есептейді. Осындай жолмен дүниеге келген сегіз баладан анасының аса күрделі ауруы анықталмады. Бұл туралы Reuters хабарлайды.
Ұлыбританияда үш адам қатысатын жаңа ЭКО, яғни жасанды жолмен ұрықтандыру әдісінің көмегімен сегіз бала дүниеге келді. Олардың бәрінің дені сау, яғни анасының генетикалық ауруы тұқым қуаламаған Сәрсенбі күні Ньюкасл университетінің ғалымдары жаңа әдіс туралы есебін жариялады.
Ағылшын ғалымдары аталықпен ұрықтанған аналық жыныс жұмыртқасын аноним донор ұсынған генетикалық сау аналыққа орналастырған. Мұндай әдіске әлем елдерінде, мәселен, Құрама Штаттарда тыйым салынған.
Жаңа әдіс ана митохондриясындағы мутацияға ұшыраған гендердің балаға берілуін тежейді.
Тұқым қуалайтын аурулардың ауыр түрлері бар. Митохондрия ДНҚ-сының мутациясы ми, бүйрек, бауыр, жүрек, бұлшықет секілді адамның көптеген мүшесін зақымдайды. Мұндай аурулардың көбісінің емі жоқ, тіпті соның салдарынан адам ұзақ жыл өмір сүре алмауы мүмкін.
Жаңа әдіспен дүниеге келген сегіз баланың біреуі қазір екі жаста. Екеуі бір жастан асқан. Тағы бес нәресте бар. Олардың бәрі сау болып туған. Балалардың митохондрия генінде мутация жоқ немесе өте әлсіз дейді ғалымдар. Есеп The New England Journal of Medicine журналында жарияланды.
Жаңа ЭКО әдісі 22 әйелге қолданылған. Бала туған сегіз анадан бөлек, тағы бір әйелдің аяғы ауыр. Жетеуінің жүктілігі еш қиындықсыз өтті. Біреуінің ғана қанында липидтер көрсеткіші жоғары болды.
2015 жылы Ұлыбритания митохондрия донорының көмегімен емдеу әдісін зерттеуді заңдастырған әлемдегі бірінші ел атанды. Дәл сол жылы АҚШ өз елінде мұндай әдіске тыйым салды.