
Төтенше жағдайлар министрлігі бірнеше өңірде ауа температурасы 46 градусқа дейін көтеріліп, өрт қаупі күшейетінін ескертті.
Министрліктің мәліметінше, апта соңында Қазақстанның көптеген өңірінде күн ыстық болады. Ақтөбе, Алматы, Түркістан, БҚО, Маңғыстау, Жамбыл және Жетісу облыстарында ауа температурасы +46 ° дейін көтеріледі.
Министрліктің ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, республиканың көп бөлігінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Түркістан облысында 44°С қатты ыстық болады. Ал өңірдің оңтүстігінде ауа температурасы +46°С дейін көтеріледі.
Қызылорда облысында 42°С дейін қатты ыстық болады. Осы өңірдің оңтүстігінде ауа температурасы +45°С дейін жоғарылайды.
Атырау, Маңғыстау облыстарында ауа температурасы күндіз 44°С дейін өте қатты ыстық болады.
Жамбыл облысында ауа температурасы 41°С дейін көтеріліп, өңірдің оңтүстігінде +43°С дейін ысиды.
Алматы, Жетісу, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында +42°С өте ыстық болады.
Осы өңірлердің бәрінде өрт қаупі жоғары. Жоғары ауа температурасы алдағы аптаның басына дейін сақталады.
Жалпы, аптап ыстықтың денсаулыққа тигізетін зияны көп. Мәселен, Еуропада он күнге созылған аптап салдарынан 2300 адам қайтыс болған.
Бұған дейін Kursiv.Media аптап ыстықтың адам ағзасына әсері, күн өткенде не істеу керектігі туралы материал жариялаған.