Жаңалықтар

Қытай «Бір белдеу, бір жол» жобасына 124 млрд доллар құйды

Қытай төрағасы Си Цзиньпин Астанада Орталық Азия елдерінің басшыларымен кездесті / фото: Ақорда
Қытай төрағасы Си Цзиньпин «Бір белдеу, бір жол» бастамасын 2013 жылы Астанада көтерген / фото: Ақорда

2025 жылдың алғашқы жартысында Қытай «Бір белдеу, бір жол» инвестициялық бағдарламасына 124 млрд доллар құйып, рекорд орнатты. Бұл туралы The Financial Times жазды.

Басылымның мәліметінше, Бейжің биыл BRI («Белдеу және жол») елдерімен 176 инвестициялық келісімшартқа отырған. Қазірдің өзінде жобадағы қытай қаражаты 2024 жылғы көрсеткіштен асып түсті. Былтыр ҚХР бағдарламаға барлығы 122 млрд доллар құйған.

2013 жылы іске қосылған «Бір белдеу, бір жол» бастамасын Си Цзиньпин Қытайдың экономикалық ықпалын арттыруға, 150 елмен сауда байланысын дамытуға пайдаланды, деп жазды FT. 12 жылдың ішінде BRI құрлықаралық жобасына барлығы 1,3 трлн доллар құйылған.

Ол Африкамен 39 млрд долларға, Орталық Азиямен 25 млрд долларға инвестициялық және құрылыс келісіміне отырды. Бейжің «Бір белдеу, бір жолға» қосылған елдердің ішінен Қазақстанға ең көп инвестиция салған — 23 млрд доллар.

Халықаралық валюта қорының мәліметінше, Қытайдың шетелдегі таза капиталы 2018-2023 жылдар аралығында 50%-ға артқан. Салыстырар болсақ, АҚШ-та мұндай көрсеткіш бар болғаны 21%.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы маусымда Астанада «Орталық Азия – Қытай» саммиті өткен. Сол кезде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бейжің биыл республикаға 26 млрд доллар инвестиция салғанын мәлімдеген. Қазақстан мен Қытай сауда айналымының көлемі 44 млрд долларға жеткен.

Қытай Орталық Азияны өзінің жаңа экономикалық серіктесіне айналдырып жатыр. Сауда керуендері мен теміржол желілері, жоғары технологиялық өнімдер мен арзан тауарлар — бәрі де Қытайдың өңірдегі ықпалын күшейтеді. Қытайдың бұл аймақтағы ықпалы осылайша экономикалық шеңберден шығып, геосаяси салмаққа айналды.