Банк пен қаржы

«Евро-Азия Эйр» қызметкері шамамен 2 млрд теңге ұрлаған

Жасанды интеллект көмегімен дайындалған сурет, бильд-редактор: Дастан Шанай
Жасанды интеллект көмегімен дайындалған сурет, бильд-редактор: Дастан Шанай

«Евро-Азия Эйр» әуе компаниясы 2025 жылдың басында бір қызметкері мекемеден ақша ұрлағанын анықтады. Тергеу жүріп жатыр. Қомақты қаражат қолды болғандықтан, компания 2024 жылғы есебінде 1,973 млрд теңге күйіп кеткенін мойындады. Соған қарағанда, мекеме ұрланған ақшаның қайтатынына күмәнданады.

«Евро-Азия Эйр» АҚ 2024 жылғы қаржы есебін жариялады. Әуе компаниясы резервте елеулі өзгеріс болғанын атап өтті. Резерв бірден 100 есе — 2023 жылы 19,3 млн теңге болса, 2024 жылы 1,9 млрд теңгеге дейін өсті.

Мәлім болғандай, 2025 жылғы қаңтарда компания бір қызметкердің ақша ұрлағанын анықтаған. Қылмыстық іс қозғалды. Сот-экономика сараптамасы нақты қанша ақша қолды болғанын анықтайды.

«Ақшаны кері қайтару мүмкіндігі аз болғандықтан, компания 2024 жылдың қаржы есебінде 1 932 992 мың теңге көлемінде дебиторлық берешек резервтен алынатынын мойындады», — деп жазылған құжатта. 

Мұндай резервті компания дебитор қарызды өтей алмайтынын болжаған уақытта жасайды. Резерв төленбей қалған шығындарды жабуға жұмсалады.

Тікұшақ және бизнес авиациясымен шұғылданатын «Евро-Азия Эйр» АҚ «Sky Logistics Services» компаниясына тиесілі. Оның екі қожайыны бар — Нұрлан Әсембекұлы Қаныбеков (65%) пен Талғат Нұрланұлы Әсембек (35%). Аты-жөніне қарап, екеуі жақын туыс екенін аңғаруға болады.

Нұрлан Қаныбеков кезінде, 2019 жылы, Forbes Kazakhstan-ның ықпалды кәсіпкерлер тізіміне енген. Қаныбековтер отбасы Қазақстанның ең бай бизнесмендері рейтингінде жиі көрінеді. 2025 жылы бұл отбасының дәулеті 95 млн долларға бағаланған.

Қаныбековтердің бизнес-мүддесі мұнай мен авиацияға байланысты. Олар «Евро-Азия Эйр» компаниясын 2017 жылы 11,85 млрд теңгеге «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясынан сатып алған.