Жаңа Changan CS75 Plus Smart Excellence бағасы 6,5 млн теңгеден басталады

Жарияланды 17 Шілде 2025 12:55

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Changan CS75 Plus Smart Excellence несуімен ерекше / Фото: Autohome

Changan танымал CS75 Plus кроссоверінің жаңартылған нұсқасы — Smart Excellence жинағын ұсынды. Жаңа модель заманауи функцияларымен, кең салонымен ерекшеленеді.  Бағасы да  қолжетімді. Көліктің бастапқы құны 99,9 мың юаньнан (шамамен 6,5 млн теңге) басталады.

Changan компаниясы Қазақстан мен Қытай нарығындағы позициясын нығайтуды жалғастырып келеді. Бренд өз кроссоверінің жаңа, технологиялық жетілдірілген нұсқасын шығарды.

Жаңа Changan CS75 Plus бұрынғы дизайнын сақтап қалғанымен, электроника мен жайлылық жағынан жаңашылдықтар енгізген.

Фото: Autohome

 Көліктің өлшемдері өзгеріссіз қалды: ұзындығы — 4770 мм, ені — 1910 мм, биіктігі — 1705 мм, ал доңғалақ базасы — 2800 мм. Жүксалғыш көлемі 725 литрді құрайды, ал артқы орындықтар бүктелген кезде бұл көрсеткіш 1620 литрге дейін артады — бұл модельді ұзақ сапарлар мен ірі жүк тасымалдауға ыңғайлы етеді.

Салонға 10,25 дюймдік цифрлық аспаптар панелі, 14,6 дюймдік орталық мультимедиа экраны және алдыңғы жолаушыға арналған 12,3 дюймдік қосымша дисплей орнатылған.

Фото: Autohome

Жинақтамада адаптивті круиз-бақылау, жолақта ұстау жүйесі, кептелісте көмек көрсету, автоматты түрде шұғыл тежеу және автотұрақ жүйесі бар.

Көлік 192 ат күші бар 1,5 литрлік турбодвигательмен жабдықталған. Ол 8 сатылы Aisin автоматты беріліс қорабымен жұмыс істейді. Орташа жанармай шығыны 100 шақырымға 6,89 литрді құрайды. 

Айта кетейік, Changan брендінің Ресейдегі кеңсесі Қазақстанда құрастырылған көліктерді жеткізуді бастайды. Ресейге жеткізілетін алғашқы модель – CS75 Plus кроссовері болады деп күтіліп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз