Салық органдарындағы техникалық ақау кесірінен кәсіпкерлердің шоттары бұғатталуда

Маусым айында көптеген қазақстандық кәсіпкерлер мен бухгалтерлер Мемлекеттік кірістер органдарынан мәтінсіз, бос хабарламалар ала бастады. Хабарламаларда ешқандай мәтін болмаған және оларға жауап беру мүмкін емес болған. Көпшілік бұл жағдайды салық төлеушілердің жаңа кабинетін іске қосуға байланысты туындаған техникалық қате деп ойлап, хабарламаларға мән бермеген.
Алайда шілде айында бизнес күтпеген салдарға тап болды. Осындай «бос» хабарламалар негізінде Мемлекеттік кірістер органдары кәсіпкерлердің есепшоттарын бұғаттай бастаған. Бұл туралы аудитор әрі салық кеңесшісі Рабиям Серікбаева әлеуметтік желіде хабарлады.
«Егер салық органдары негізсіз бұғаттаған әрбір күн үшін айыппұл төлейтін болса, мұндай немқұрайлылық пен бизнеске деген бейжай қатынас болмас еді», – деп пікір білдірді сарапшы.
Серікбаева салық органдарының хабарламаларды дайындау барысында ашықтықтың жоқтығы мен формалды көзқарас танытуы мәселесін алғаш рет көтеріп отырған жоқ.
Мысалы, маусым айында көптеген қазақстандық компаниялар Мемлекеттік кірістер органдарынан табысты төмендетіп көрсетті деген хабарламалар алған. Көп жағдайда бұл деректер қате болып шыққан, ал салық органдары бұл хабарламаларды техникалық ақауға сілтеме жасап, кері қайтарып алған.
Сондай-ақ Серікбаеваның айтуынша, табысты төмендету туралы хабарламаларда тек жалпы сома көрсетіліп, формулалар, есептеулер немесе дереккөздер көрсетілмейді. Түсіндірме алу үшін Мемлекеттік кірістер басқармасына жеке баруға тура келеді. Алайда, Серікбаеваның айтуынша, ондай жағдайда да қажетті мәліметтер ашық берілмейді.