BIG Шанхай сауда үйіндегі өрт кезінде үш құтқарушы зардап шекті

Жарияланды
спасатели, ДЧС, BIG Шанхай
BIG Шанхай сауда орталығындағы өртте үш адам зардап шекті/фото: Астана ТЖД

Астанадағы BIG Шанхай сауда үйіндегі өртті сөндіру кезінде төтенше жағдайлар департаментінің үш қызметкері зардап шекті. Бірінің жағдайы ауыр, ауруханаға жеткізілді.

Астана қаласы ТЖД басшысының орынбасары Қанат Алтынбековтің айтуынша, өртті сөндіруді киім-кешек пен пластик бұйымдардың көптігі қиындатқан.

Өртті сөндіру барысында бір құтқарушы миы шайқалып, дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Оның өміріне қауіп төніп тұрғаны айтылды. Қалған екі зардап шеккен қызметкер медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді.

«Сағат 7:10-да өрт оқшауланды. Оттың жақын маңдағы ғимараттарға таралуына жол берілмеді», – деп хабарлады ТЖД.

Өртті сөндіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін BIG Шанхай сауда үйі маңындағы тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп жатқаны белгілі болды. Тілші Жұман Киіковтің сөзінше, сауда үйі кешеніндегі өрт сөнгенімен, әлі де қара түтін будақтап шығып жатыр. Сол себепті нысанға жақын орналасқан тұрғын аудандардағы азаматтарды қауіпсіз жерге көшіріп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз