
17 шілде күні кешке Шымкенттегі қауіпсіздігі барынша жоғары №78 мекемеден рақымшылыққа ілінген 5 әйел бостандыққа шықты. Олар «Алаяқтық» бабы және «Ұрлық» бабымен сотталып, жазасын өтеп жүрген. Мекеменің дерегінше, жалпы рақымшылыққа 15 жазасын өтеуші ілінген. Оның ішінде 10 сотталуышының жаза мерзімі қысқартылған.
Түрмеден шыққан әйелдердің өкініші
Рақымшылыққа ілінген әйелдердің ісін қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Сот оларды дереу босатуға қаулы еткен.
Мекеме қызметкерлері әуелі әйелдерді мұқият тексерді. Сыртқа шыққанына сенбей, дел-сал күйде болған олардың кейбірі қуаныштан көзіне жас алып жатты.
«Сенбей тұрмын әлі, – дейді «Ұрлық» бабымен 4 жыл 1 айға сотталған әйел көзіне жас алып. – Шок болып тұрмын. Енді бұл жерге келмеймін. Түрме мені түбегейлі өзгертті. Тәрбиеледі десем болады. Қызым бар. Сотталғанымда 2 жасқа енді толып жатқан еді. Қазір үш жарым жаста. Оған деген сағынышымды сөзбен жеткізе алмаймын. Ажырастым, өмірім 360 градусқа өзгерді. Бұл өмірімде бірінші әрі соңғы жаза болсыншы. Түрме әйелдер отыратын орын емес. Ешкімнің басына түрмеге түсуді тілемеймін. Өкінемін, қатты өкінемін».
Оның айтуынша, мекеме бұл – режим. Онда бостандықтың қадірін білесің, қымбат екенін түсінесің.
Бес әйелдің енді бірі рақымшылыққа ілінетініне сенбеген.
«Бұл қауіпсіздігі барынша жоғары мекеме болған соң ба шығуым екіталай деп ойладым», – дейді.
Ол сот қаулысы шыққанша бостандыққа шығатынына күмәнмен қараған.
«Бәрі түс сияқты. Мына қақпаның алдында тұрсам да әлі сенбей тұрмын. Отбасыма аман-есен жетсем екен. Бірінші кезекте екі баламды құшақтағым келеді. Оларды қатты сағындым», – дейді әйел.
Оның сөзінше, түрме мен еркіндіктің айырмашылығы жер мен көктей. Іште шектеу көп.

Қауіпсіздігі барынша жоғары №78 мекеменің аға инспекторы Гүлвира Ережепованың айтуынша, мекемеде 250-ден аса әйел жазасын өтеп жатыр. Мекемеде көбіне аса ауыр қылмыс жасаған әйелдер жазасын өтейді. Бұл жолы рақымшылыққа 15 әйел ілінген. Олардың бесеуі бостандыққа шыққан.
«Қалған 10 әйелдің жаза мерзімі қысқартылды. Рақымшылыққа ілінгендердің барлығы «Ұрлық» бабы және «Алаяқтық» бабымен сотталғандар. Бүгінде олар өз қателіктерін түсініп, жазаларын өтеуге 1 жыл қалған азаматшалар мекемеден босатылды. Қалған сотталғандарға ауыр жаза тағайындалған. Сондықтан олар рақымшылыққа ілінбеді», – дейді Гүлвира Ережепова.
«Бала-шағама ие болсам деймін»
16 шілде күні Шымкентте Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылықа ілінгендердің алғашқы легі шыққан. 8 жазасын өтеушінің үшеуі №54 мекемеде, бесеуі №55 мекемеде жазасын өтеп жүрген. Қауіпсіздігі орташа бұл екі мекемеде сотталған еркектерге шақталған.
Сол күні №54 түзеу мекемесінде рақымшылыққа байланысты 20 адамның ісі қаралған. Сот олардың үшеуін бостандыққа шығарған.
«Іште отырғанда бәрі еске түседі ғой, сағынасың. «Не істеп қойдым?» деп өкінесің. Бірақ бәрі кеш. Енді шықтым ғой. Бала-шағама ие болып, жұмыс істесем деймін», – дейді рақымшылыққа ілініп бостандыққа шыққандардың бірі.
№54 мекенің мәліметінше, жалпы мекемеде 233 жазасын өтеуші рақымшылық заңына ілінген. Оның 10-ы ұрлық сияқты ауырлығы орташа қылмыс жасағандар. Қалған 223 сотталушының жаза мерзімі қысқарады.
Жалпы қауіпсіздігі орташа №54 мекемесінде 800-ден аса сотталушы жазасын өтеп жатыр. Мекеме ер адамдарға шақталған. Онда ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар да жазасын өтеп жүр.
11 маусым күні Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды қабылдады.
Бұған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайда бас бостандығынан айырылған жүкті және кішкентай балалары бар әйелдердің жағдайына назар аудару туралы тапсырмасы негіз болған.