
Түркістан облысында жыл басынан бері 6 адам Конго-Қырым қызбасы ауруын жұқтырған. Олардың төртеуі аурудан айыққан, қалған екеуі әлі ауруханада емделіп жатыр. Бұл туралы Түркістан өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ақерке Еркінбекова мәлім етті.
Түркістан облысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының эндемиялық табиғи ошағы бар аймаққа жатады. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің дерегінше, табиғи ошақтың болуынан облыста ауруды жұқтырғандар азаймай тұр.
Департамент басшысының орынбасары Ақерке Еркінбекованың айтуынша, кене шаққанда, міндетті түрде медициналық көмекке жүгіну керек. 14 күн медициналық бақылауда болуға тиіс. Ауру жұқтырғанда дене қызады, бас айналып, көз қызарады. Дене қақсап, лоқсып, құсу, іш ауырып немесе өтуі мүмкін. Ауру асқынған жағдайда дене бөртіп, мұрын, қызыл иек, жатыр не асқазаннан қан кетуі ықтимал.
Маман Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы кенеден жұғатынын айтады. Облыста бұл аурудың жұғу қаупі жоғары 111 қолайсыз ауыл бар. Мысалы, өткен жылы мамандар аймақтан 63 мыңға жуық кене жинап, әрқайсысын сынамадан өткізген. Зерттеу нәтижесінде 136 сынамадан аурудың қоздырғышы анықталған. Ал биыл жыл басынан бері облыста Конго-Қырым қызбасы ауруын 6 адам жұқтырған болса, олардың төртеуі аурудан айыққан, екеуі әлі емделіп жатыр.
«Шілдеге дейін облыста 1154 адамды кене шаққан. Олардың мыңнан астамына медициналық көмек көрсетілді. Жалпы кене шағу жағдайы өткен жылмен салыстырғанда дерлік 11%-ға артты», – дейді департамент басшысының орынбасары.
Мамандар кене шаққан жағдайда жедел ауруханаға барып емделмесе, Конго-Қырым қызбасы ауруына алып келетінін ескертеді. Ал аурудың соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін.
2024 жылы облыста 11 адам дәл осы ауруға шалдығып, олардың біреуі қайтыс болған.
Кене шаққанға атүсті қарауға болмайды, оның салдары қайғылы оқиғамен аяқталуы мүмкін.