«Қайдағы қаржылық тәуелділік»: Сәкен Мамаштың ағасы сот үкіміне шағым түсіргелі жатыр

6 жылға сотталған Сәкен Мамаштың ағасы Нұржан Мамаш сот үкіміне шағым түсіретінін мәлімдеді, деп хабарлайды KursivMedia.
«Судьяның шешімі әділ емес, 6 жыл деген өте көп. Ешқандай материалдық тәуелді болған емес. Дипломаттың жұмыс істемейтін әйелі ретінде ай сайын 1 400 доллар алып отырған. Ол – 730 мың теңге. Оны өзі жаратқан. Қайдағы қаржылық тәуелділік? Бізде Қазақстан халқының біраз бөлігі 70-80 мың теңге жалақыға еден жуып, күн көріп жүр. Карина жұмыс істемей 730 мың теңге алады, оған қоймай «қаржылай тәуелді» болдым дейді», – деп айтты Нұржан Мамаш.
Енді Мамаш отбасы сот үкіміне шағым түсіргелі жатыр.
«Балалармен араласа алмай отырмыз. Тек әкесімен кездесуге рұқсат бар. Ал әкесі қамауда отыр. Ол қалай араласады? Карина жақындап кетсең, «қорқытып жатыр» деп шығады. Балаларға көмек көрсетеміз. Сәкен бостандықта жүргенде миллиондап ақша беріп тұрды», – дейді Нұржан Мамаш.
Істің мән-жайы
Сәкен Мамаштың әйелі Карина Мамаш 2024 жылдың мамырында видео жариялап, 10 жыл бойы күйеуінен қорлық көргенін мәлімдеді. Сол жағдайдан кейін дипломат елге шұғыл түрде шақырылды. Біраз уақыттан кейін дипломаттың үстінен іс қозғалды.
Тергеу қылмыстық кодекстің 110-бабы (қинау) бойынша жүргізілген.
Экс-дипломат 2025 жылдың сәуірінде қамауға алынды.
Сәкен Мамаш сотталды
Астана сотында экс-дипломат Сәкен Мамаш әйелін қинағаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сотта Сәкен Мамаштың 2014 жылдан бастап жәбірленуші Карина Мамашпен некеде тұрғаны, сол уақыт ішінде жәбірленуші екі бала дүниеге әкелгені, үй шаруасындағы әйел болғаны анықталды. Оған дипломаттың жұбайы ретінде жәрдемақы тағайындалған, бұл жәрдемақыны сотталушы Сәкен Мамаш алып отырған.
Қинау әрекетін жоққа шығарды
Сотталушы Мамаштың қоғамдық қорғаушысы әрі әпкесі Нұржамал Ташкенбайқызы іске байланысты мәлімдемесін редакциямызға жолдаған еді. Ол жерде әйел Карина Мамаштың материалдық жағынан күйеуіне тәуелді болмағанын айтқан.
Сөзінше, Карина Мамаш ай сайын республикалық бюджеттен 1 400 АҚШ доллар жәрдемақы алып отырған.
«Күйеуі оған қымбат сыйлық – тон, алтын бұйым, бриллиант, IPhone сыйлаған. Оны ай сайын демалысқа апарған – қонақүй, мейрамхана, отбасына азық-түлік алып, балаларды қамтамасыз еткен. Карина тек жеке қажеттіліктері мен қалта шығындарын төлеп келген. Ол бұл 730 000 теңге жәрдемақыны өз қалауынша жұмсаған, бұл оның қаржылық дербестігін дәлелдейді», – дейді Нұржамал Ташкенбайқызы.