
Жоғары аудиторлық палата салық пен кеден саласындағы басқару тиімділігіне жүргізген мемлекеттік аудит қорытындысын жариялады. Тексеру нәтижесі бойынша бюджетке келтірілген жалпы шығын 2 млрд теңгеге жуықтаған.
Салық саласындағы басты мәселелердің бірі – тексеру саны мен қосымша есептелген сома артқанына қарамастан, жалпы тиімділіктің төмендеуі. Атап айтқанда, қосымша салықтардың 70%-ы кешенді тексеру нәтижесінде анықталған.
Ал тәуекелді басқару жүйесі (ТБЖ) негізінде жүргізілген тексеріс әлдеқайда төмен нәтиже көрсеткен. Мәселен, ТБЖ арқылы іріктелген 900-ден астам кәсіпорыннан тек 46 млрд теңге көлемінде қосымша салық есептелген.
Аудиторлар тексеру жоспарының тұрақсыздығына да назар аударды. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған салық төлеушілердің 61%-ы кейін тізімнен шығарылса, екінші жартыжылдықта бұл көрсеткіш 97%-ға жеткен. Бұл салық органдарының тексеру жүйесінде айтарлықтай олқылық барын көрсетеді.
Кедендік басқаруда да осындай жағдай байқалады. Қосымша есептің басым бөлігі нақты бір сыртқы экономикалық қатысушыға қатысты жүргізілген. Сонымен қатар, кедендік тексерулерде техникалық регламенттің сақталмауы да проблемаға айналып отыр.
Аудит барысында 2024 жылы Түркиядан $145 млн сомасына киім-кешек әкелген алты ірі импорттаушы 150 сертификат ұсынғаны анықталған. Алайда олардың 104-і ЕАЭО-ның ресми тізілімінде тіркелмеген. Бұл жалған тауардың нарыққа енуіне жол ашып, халық денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
Ірі салық төлеушілерге жүргізілетін мониторинг те өз тиімділігін көрсете алмады. 354 ірі компанияның тек 105-і нәтиже берген. Ал қалған 249 компания бойынша жұмыс мардымсыз: 33 компанияға ғана талап-хат жіберіліп, нәтижесінде 643 млн теңге өндірілген. Бұл – жалпы салық түсімдерінің небәрі 0,01%-ын ғана құрайды.
Сонымен қатар, аудит қосылған құн салығын қайтару мәселелерінде де заңбұзушылықтарды анықтады. 2024 жылы 420 млрд теңге ҚҚС уақытында қайтарылмаған, бұл өз кезегінде 5 млрд теңгеге жуық өсімпұл есептелу қаупін туғызады. Бұдан бөлек, 375 млн теңге сомасында негізсіз ҚҚС қайтару деректері тіркелген.
Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата ұлттық компаниялар жарғылық капиталын арттыруға бөлінген қаржыны жыл соңына дейін игермесе, бюджетке қайтаруға міндетті екенін хабарлаған.