Жаңалықтар

Қазақстаннан 2 млн долларды заңсыз шығарған компанияға айыппұл салынды

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қонаев қаласындағы тіркелген компания келісімшарт міндеттемесін желеу етіп етіп, 2 млн долларды шетелге заңсыз шығарған.

Алматы облысының прокуратурасы сыртқы экономикалық келісім аясында шетелге заңсыз қаржы аудару дерегін анықтады. Тергеу материалдарына сәйкес, Қазақстаннан келісімшарт міндеттемесін формалды түрде пайдаланып, 2 млн АҚШ доллары шетелге заңсыз аударылған.

Тексеру нәтижесінде белгілі болғандай, жергілікті «Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шетелдік компаниямен жалпы құны 6 млн доллар болатын тауар жеткізу туралы келісім жасасқан. Алайда толық көлемде ақша аударылғанымен, Қазақстанға 3,7 млн доллардың ғана тауары келген. Қалған сома елден тауар жеткізілген болып көрінгенімен, іс жүзінде қайтарылмаған.

Компания жеткізілмеген тауарға жұмсалған қаржыны қайтару үшін ешқандай шара қолданбаған. Сондай-ақ салық органдарында репатриация талаптарын орындау бойынша әрекет жасалмаған.

Анықталған заң бұзу фактісі негізінде прокуратура ӘҚБтК-нің 251-бабының 2-бөлігі бойынша («Ұлттық немесе шетел валютасын қайтару талабын орындамау») әкімшілік іс қозғады.

Қонаев қаласының соты «Т» ЖШС-ін кінәлі деп танып, 239 млн теңге көлемінде айыппұл салды. Сот қаулысы заңды күшіне енген.

Еске сала кетейік, 2022 жылдан ебрі Қазақстаннан 10 мың АҚШ долларынан асатын қолма-қол шетел валютасын және валютадағы ақша құралдарын шығаруға тыйым салынған.

Бұған дейін Бас прокуратура жұмыссыздар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың атынан автонесие алғандарды ұстады.