Алматының Орталық стадионы жаңғыртылады: Дархан Сатыбалды тапсырма берді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Дархан Сатыбалды Орталық стадионды жаңғыртуды тапсырды / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында Орталық стадион мен басқа да маңызды спорт нысандарын аралап, олардың қазіргі жағдайымен танысты.

1958 жылы пайдалануға берілген Орталық стадион бүгінде ескірген және күрделі жаңғыртуды қажет етеді. Әкім стадионды заман талабына сай қайта жөндеу, жеңіл атлетика инфрақұрылымын сақтау, М.Әуезов театры мен Қазақ мемлекеттік циркіне жаяу жүргінші байланысын қалпына келтіру жөнінде тапсырма берді. Сонымен қатар, электронды билет жүйесін енгізу міндеті қойылды.

Бұдан бөлек, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы мен дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатының жай-күйі де назардан тыс қалмады. 1935 жылы салынған мектеп ғимаратының орнына жаңа оқу-жаттығу кешені салынбақ. Құрылыс 2025 жылдың күзіне жоспарланған.

Әкім барлық жаңғырту жұмыстары сапалы әрі қауіпсіздік талаптарына сай жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматының орталық стадионы «тозығы жеткен» деп халық арасында сынға қалған еді.

Сондай-ақ оқыңыз