Аты аңызға айналған парашютпен секіруші Феликс Баумгартнер Италияда қайтыс болды

2012 жылы стратосферадан парашютпен секіріп, әлемді таңғалдырған австриялық экстремал Феликс Баумгартнер Италияда қаза тапты. Бұл туралы DW хабарлады.
56 жастағы скайдайвер 17 шілде күні кешкісін мотопарапланмен ұшып бара жатқан кезде өзін жайсыз сезініп, басқаруды жоғалтқан. Қайғылы жағдай Италияның Адриатика теңізі жағалауында орналасқан Порто-Сант-Эльпидио қаласында болған.
Құтқару қызметінің мәліметінше, мотопараплан қонақүй аумағындағы бассейн маңындағы құрылысқа соғылып, Баумгартнер оқиға орнында көз жұмған. Сондай-ақ апат салдарынан қонақүй қызметкерлерінің бірі мойнынан жарақат алған – парапланның бір бөлігі әйелге тиген. Зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға жеткізілді.
Феликс Баумгартнер – авиация және экстремалды спорт саласындағы аңызға айналған тұлға. 2012 жылы арнайы капсуламен 39 километр биіктікке көтеріліп, жерге парашютпен секірген болатын.
Еске сала кетейік, бұған дейін 114 жастағы әлемдегі ең жасы үлкен марафоншыны көлік қағып, қайтыс болғаны туралы жазған едік.