
2025 жылғы 18 шілдеде ЕуроОдақ елдері Ресейге қарсы 18-ші санкциялар пакетін бекітті. Бұл туралы ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас әлеуметтік желіде жазған. Оның айтуынша, бұл «Ресейге қарсы қабылданған ең қатаң санкциялардың бірі».
Бұған дейін Словакия бұл санкцияға кедергі келтіріп келген. Бірақ, бейсенбі, 17 маусым күні кешке елдің премьер-министрі Роберт Фицо санкциялар пакетін бұғаттауды тоқтататынын мәлімдеді. Осыдан кейін ЕО елдерінің тұрақты өкілдері бұл пакетті жұма күні таңертең келісіп қабылдады.
Санкция тізімі алдағы уақытта ЕО-ның ресми журналында жарияланады. Бұл – санкциялардың заңды түрде күшіне енуі үшін қажет соңғы қадам.
Жаңа 18-ші пакет аясында Ресей мұнайын тасымалдауға қатысы бар 105 мұнай танкеріне қарсы шектеулер енгізіледі. Сонымен қатар Үндістандағы «Роснефтьке» тиесілі мұнай өңдеу зауытына да санкция салынды.
Бұл зауыт – Nayara Energy Limited деп аталады. Бұрын ол Essar Oil деген атаумен танымал болған. Компанияны 2017 жылы «Роснефть», швейцариялық Trafigura және ресейлік UCP бірігіп сатып алған. Қазіргі таңда «Роснефтьтің» үлесі – 49,13%.
Зауыт Үндістандағы Вадинар қаласында орналасқан және жылына 20 млн тонна мұнай өңдей алады.
Бұған дейін ЕуроОдақ Қырымға байланысты Ресейге қарсы енгізілген санкциялар пакетін тағы бір жылға – 2026 жылғы 23 маусымға дейін ұзартқан.