20 млн теңгенің алтынын ұрлағандар ұсталды – ІІМ

Шымкентте ондаған үйден 20 млн теңгенің алтынын ұрлаған бір топ азамат ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында пәтер ұрлығымен айналысқан бес ер адам құрықталды», – делінген баспасөз хабарламасында.
ІІМ мәліметінше, ұрылар бөтеннің үйіне терезеден кіріп, негізінен алтын әшекейлерді алып отырған. Полиция күдіктілерді бір ай бойы іздестірген. Тонаушы топ бір ай ішінде 10 шақты үйді түсіп үлгерген. Нәтижесінде келтірілген шығын шамамен 20 миллион теңгеге жеткен.
Полиция күдіктілердің уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. Қазіргі таңда қылмыстың барлық мән-жайы мен басқа тонау фактілері тексеріліп жатыр.
Министрлік қолды болған алтын бұйымдардың бір бөлігі иелеріне қайтарылғанын хабарлады.
Айта кетейік, жақында дзюдошы әйелдің Қостанай ауруханаларының біріне ұрлыққа түскен күдіктіні ұстағаны туралы хабарланды. Қарлығаш Абдрахманова ауруханаға түскен ұрыны жалғыз өзі ұстап, ерлік танытқаны үшін Ішкі істер министрлігінен марапат алған еді.