
Қостанайда соққыға жығылған дәрігердің жағдайы ауыр. Бұл жағдайға байланысты Денсаулық министрі Ақмарал Әлназарова үндеу жариялап, бұдан былай дәрігерлерді қорғау мақсатында емханалар мен ауруханаларда күзет күшейтілетінін айтты.
«Зорлық-зомбылықты тоқтатыңыздар!»
«Сіздерге перзентханада мейіргер, балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде кезекші және ординатор дәрігер болып жұмыс істеген маман ретінде үн қатқым келеді: медицина қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылықты тоқтатыңыздар!» – деді министр.
Министр ашуға бой алдырмай тұрып, балаларды, ата-аналарды, жақындарын аман алып қалуға жан салып жүрген дәрігерлер мен мейіргерлердің жағдайын ескеруді сұрады. Елдің бас дәрігері осы орайда Қарағанды мен Қостанайда болған келеңсіз жағдайға тоқталып, бұл оқиғалардың ақылға қонбайтынын айтты.
«Қарағандыда жеке клиниканың мейіргеріне шабуыл жасалды. Қостанай облыстық ауруханасында урология бөлімінің жас хирургі қатыгездікпен соққыға жығылды. Пациент өз кезегін күткісі келмегендіктен, дәрігерді бір ұрып, есінен тандырған. Қазір дәрігер реанимацияда. Жағдайы – ауыр. Адам өмірін арашалап жүрген жанға қол көтеру үшін адам қаншалықты деңгейде қатігез және мейірімсіз болуы керек? Бейбіт уақытта дәрігерлердің өз жұмыс орнында өміріне қауіп төніп отыруы – ақылға қонбайтын, мүлде жол беруге болмайтын жағдай» – деді министр.
Күзет күшейеді
Министр мұны тек бір дәрігерге жасалған шабуыл деп есептемейді. Келеңсіздікке байланысты ондаған пациенттің қараусыз қалғаны, ондаған операцияның кейінге шегерілгенін ескере отырып, мұның бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне төнген тікелей соққы екенін мәлімдеді.
Айтуынша, шабуыл жасалған қабылдау бөлімдері – онсыз да қаупі жоғары аймаққа жатқызылған. Енді министрлік дәрігерлерді қатыгез қоғам өкілдерінен қорғау үшін арнайы заң енгізбекші.
«Осыған байланысты медицина қызметкерлеріне жасалған шабуыл үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер биылғы қыркүйекте Парламентке енгізіледі. Мұндай әрекеттерді тұрмыстық қақтығыс ретінде емес, қоғамдық қауіпсіздікке төнген қауіп ретінде бағалау қажет. Медицина қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылықтың жиілеп кетуіне байланысты Ішкі істер министрімен бірлесіп, шұғыл түрде ургенттік стационарлардың, балалар және перинаталдық орталықтардың қабылдау бөлімдерінде тәулік бойы күзет посттарын күшейту туралы шешім қабылданды», – деді министр.
Бұл орайда барлық медициналық ұйымдар бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етіліп, ауруханалар мен емханаларда күзет күшейтілетінін, бұл мақсатта дабыл батырмалары қойлады.
«Тағы да баршаңызды барлық деңгейде өркениетті қарым-қатынас мәдениетін сақтауға шақырамын. Біз балаларға жас кезінен медицина қызметкерлерінің еңбегін құрметтеуді, алғыс айту мәдениетін үйретуіміз керек. Жапа шеккен әріптесіміздің өмірін сақтау үшін Денсаулық сақтау министрлігі барлық қажетті әрі батыл шараларды қабылдайтын болады. Ертең дәрігер санитариялық авиациямен Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізіліп, білікті мамандардың қатысуымен әрі қарай ем қабылдайды», – деді Әлназарова.
Бұл жағдай 17 шілде күні болды. Қостанай облыстық ауруханасында операциядан шыққан хирургті емделуші соққыға жығып, дәрігер ауыр халде реанимация бөліміне түскен.
Ал Қарағандыда балалар ауруханасының екі дәрігеріне емделуші дене жарақаттарын келтірген болатын.
2024 жылдың желтоқсан айында жедел жәрдем көлігімен көмекке келген фельдшер Әнел Баймұрзина соққыға жығылып, миы шайқалып, түрлі жарақттар алғаны хабарланды.