
Алматыда орман пайда болады. Қала климатына бейімделген ағаш түрлері 150 гектар жерге егіледі. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Алматыда алғашқы ірі орман тәлімбағын ашу көзделіп отыр», – делінген әкімдік хабарламасында.
Орман-тәлімбағы
Баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта Алматы қаласында жергілікті климатқа бейімделген ағаштар мен бұталардың көшеттерін өсіретін арнайы тәлімбақтың болмауы – көгалдандыру жүйесінің дамуына кедергі келтіріп отыр. Бұл жағдай апатты және қураған ағаштарды алмастыруды, сондай-ақ кесілген ағаштардың орнына жаңа ағаш егу жұмыстарын айтарлықтай қиындатады.
Ал жаңадан пайда болатын орман-тәлімбағын ашу көшеттерді тұрақты түрде өндіруді қамтамасыз етіп, көгалдандыру жұмыстарының қарқынын арттыруға және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл өңірдегі жасыл желектердің сапасын жақсартуға септігін тигізеді деп күтіледі.
«Өз тәлімбағы болмаған қала әрдайым сырттан тасымалданатын көшеттерге тәуелді. Бұл отырғызылатын материалдың сапасы көңілден шықпауына немесе шығынның көп болуына апарып соқтыруы мүмкін», – дейді қаланың Экология және қоршаған орта басқармасының мамандары.
Орман егуге лайықты орын таңдалып қойған
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, зерттеу жүргізіліп, жаңа питомникке лайықты орын белгіленіп қойған. Таңдалған жер учаскесінің аумағы 150 гектарды құрайды. Жер бедері тегіс, топырағы құнарлы, климаты қолайлы деп бағаланып отыр.
Үлкен тәлімбақ Алматының жасыл қорын тұрақты түрде толықтыруға мүмкіндік береді. Өйткені орманда жыл сайын миллиондаған көшет өсіріліп, агроорман шаруашылығының инфрақұрылымы дамытылады. Солайша қала экологиясына жеке инвестиция тарту мәселесі де реттелмек.
«Өз питомнигінің болуы Алматының құбылмалы ауа райы мен қуаңшылыққа төзімді көшеттер өсіруге мүмкіндік береді. Мұндай шешім аудандарды көгалдандыруды жеңілдетіп, қауіпті ағаштарды дер кезінде алмастырып, жаңа жасыл желекті уақытылы отырғызуға мүмкіндік береді», – делінген баспасөз хабарламасында.
Бұдан бөлек, көшет материалдары енді сырттан сатып алынбайды. Бұл – шығынды төмендетіп, қала бюджетіне түсетін жүктемені азайтады.
Экологтар да бұл қадамды жоғары бағалады. Себебі климат өзгеріп, қала халқының саны артуда. Бұл қала экологиясына айтарлықтай салмақ түсіреді. Енді шаһарда ағаш тек отырғызылып қоймай, өсіріледі. Солайша қаланың экологиялық жағдайына оң әсер етпек.