Жаңалықтар

Тоқаев жаңа Салық Кодексіне қол қойды

Тоқаев Салық кодексіне қол қойды / Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Салық Кодексіне қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

«Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды», – делінген Ақорда хабарламасында.

Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді жеңілдетпек.

Не өзгереді?

Жаңа кодекске сәйкес салық есептілігінің көлемі 30 пайызға, салық саны 20%-ға азаяды. Бұдан бөлек жеңілдіктер мен алым түрлері де оңтайландырылмақ.

«Елеулі өзгерістер корпоративтік және жеке табыс салықтарынан бастап инвестицияларды ынталандыру және салық жүктемесін қайта бөлу секілді барлық негізгі бағытты қамтиды», – делінген Ақорда хабарламасында.

Жаңа Салық кодексінің басты жаңалығы қосылған құн салығының (ҚҚС) 12%-дан 16%-ға көтерілуінде.

Сонымен бірге мынадай өзгерістер енгізілмек:

  • Бұдан бөлек дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге ҚҚС мөлшері төмендетілген. Ол 2026 жылы 5% болса, 2027 жылы – 10% болады.
  • ТМККК және МӘМС аясындағы қызметтер ҚҚС-тан босатылады;
  • Орфандық және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу – ҚҚС-тан босатылады;
  • Археологиялық жұмыстар мен кітап басып шығару – ҚҚС-тан босатылады.
  • Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан (БЗЖҚ) төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан (ЖТС) босатылады;
  • Пайдаланылу мерзімі 10 жылдан жоғары автомобильдер үшін көлік құралы салығы төмендетіледі;
  • Мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік салықтық шегерімдер 882-ден 5000 АЕК-ке дейін ұлғайтылмақ.

Кодекс 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.