
Астана қаласында BIG Шанхай сауда үйі маңындағы тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп жатыр. Бұл туралы оқиға орнынан Kursiv.Media тілшісі хабарлайды.
Тілші Жұман Киіковтің айтуынша, сауда үйі кешеніндегі өрт сөнгенімен, әлі де қара түтін будақтап шығып жатыр. Сол себепті нысанға жақын орналасқан тұрғын аудандардағы азаматтарды қауіпсіз жерге көшіріп жатыр.
«Аймақ қоршалған. BIG Шанхайға апаратын жолда көлік кептеліп тұр. Қара түтін басқан. Сауда үйінің қасында үй мен қойма көп. Тұрғындарды көшіріп жатыр. Малды да айдап әкетіп жатқанын көрдім. Жақын маңда мал сататын базар орналасқан», – дейді Киіков.
«Орда» базары BIG Шанхай сауда үйінің дәл қасында орналасқан. Өрт базарға өтпеген.
Өртенген сауда кешені Алаш тас жолы бойында, Байқоңыр ауданында орналасқан. Ол 2014 жылы ашылған. Мұнда 90-нан аса бутик бар. Мұнда негізінен киім, аяқ киім, ойыншық, жиһаз, электроника, азық-түлік, тұрмысқа арналған тауарлар сатылады.
Естеріңізге сала кетейік, 18 шілдеге қараған түні Астанада «Орда» базарының жанында орналасқан үш қабатты BIG Шанхай сауда үйі өртенді.
Сауда үйіндегілер құтқарушыларға хабарламаған. Кешен жанып жатқанын өрт сөндірушілер будақтаған қара түтіннен білген. Өртті сөндіру түнгі сағат 3 шамасында басталып, таңертең сағат 7-ден өте оқшауланды.
18 шілдеде Ақмола облысындағы Степногорск қаласында тоғыз қабатты тұрғын үйдің сегізінші қабатында орналасқан пәтер өртенді. Құтқарушылар 85 адамды қауіпсіз жерге көшірді. Өрттен ешкім зардап шекпеді.