Жаңалықтар

Астанада «Орда» базарындағы үш қабатты сауда үйі өртенді

Сауда-қойма кешені "Орда" базарының жанында орналасқан / фото: ТЖМ
Сауда-қойма кешені «Орда» базарының жанында орналасқан / фото: ТЖМ

18 шілдеге қараған түні Астанада «Орда» базарының жанында орналасқан үш қабатты сауда үйі өртенді. Ғимарат Алаш тас жолы бойындағы Байқоңыр ауданында орналасқан.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, өрт туралы хабар түнгі сағат 3-те түскен. Өрт сөндірушілер келген кезде от тарап кеткен.

«Өрт туралы хабар кеш берілгендіктен, өрт бүкіл ғимарат аумағына тарады. Жанғыш заттардың көп болуы өртті сөндіру жұмыстарын қиындатты», – деп хабарлады министрлік.

100 қызметкер және шамамен 60 бірлік техника жұмылдырылды. Өрт сағат 07:10-да оқшауланды.

Құтқарушылар өрттің жақын орналасқан ғимараттарға таралуына жол бермеді. Сауда орталығының жанында «Орда» базары орналасқан.

Министрлік мәліметінше, базар әкімшілігі өрт туралы хабарламаған. Қою қара түтінді байқап қалған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері өрт болып жатқанын өздері анықтаған.