
Алдағы демалыс күндерге арналған валюта бағамы анықталды. Қазақстан қор биржасының (KASE) мәліметінше, қазір 1 АҚШ доллары 533,61 теңге тұрады. Ақша айырбастау пункттерінде доллар 535-536 теңгеден сатылып жатыр. Бұл уақытта криптовалюта жинаған капитал алғаш рет 4 трлн доллардан асты.
Криптонарық рекорд орнатты
18 шілдеде таңертең криптовалюталардың нарықтағы құны алғаш рет 4 трлн доллардан асты. Оның ішінде Биткоин мен Эфириумның үлесі жоғары. XRP мен Бинанс Коинның да капиталы айтарлық көп.

Апта басында ғана құны 123 мың долларға дейін көтерілген Bitcoin (BTC) қазір одан арзан тұрады. Бүгін, 18 шілдеде BTC шамамен 118,8 мың доллардан саудаланып жатыр.
Биткоин капиталы да – 2 трлн 364 млрд 140 млн доллар.
BTC ғана емес, кейінгі бірнеше күнде Эфириум қатты көтерілді. Ол бір күн бұрын шамамен 10% өсім көрсетті. Ал бүгін Ethereum (ETH) бағамы шамамен 4,60%-ға артып, биік межелерге қарай ұмтылды. Қазір ETH шамамен 3 617 доллар тұрады. Эфириум капиталы – 436 млрд 209 млн доллардан асты. Капитал бірнеше күнде ғана шамамен 90 млрд долларға өсті.
Binance Coin (BNB) токені де бір тәулікте 2,89%-ға күшейді. Ол қазір шамамен 736 доллар тұрады. BNB-дің нарықтағы құны – шамамен 102 млрд 734 млн доллар.
Доллар аздап нығайды
Теңге бір аптадан бері құнсызданып жатыр. Доллар бүгін тағы да 0,87 теңгеге нығайды. қазір 1 АҚШ доллары 533,61 теңге тұрады. Бір күн бұрын ұлттық валюта бірден 6 теңгеге құнсызданғанын ескерсек, бағам қалыпты деңгейге түсіп жатыр деуге болады. Шамамен бір ай бұрын Құрама Штаттар валютасы 508 теңгеден саудаланған. Содан бері доллар шамамен 25 теңгеге күшейді.
Kurs.kz сайтының мәліметінше, Алматы қаласындағы ақша айырбастау мекемелерінде бір доллар 533 теңгеден қабылданып, 536 теңгеден сатылып жатыр. Астана қаласындағы валюта саудасы – 530 және 537 теңге.