Ақын Исраил Сапарбай дүниеден озды

Қазақ ақыны, драматург, сазгер Исраил Сапарбай 85 жасқа қараған шағында дүние салды. Қаралы хабарды Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов әлеуметтік желіде жариялады.
«Таңғы сағат төрт шамасында 85 жасына қараған шағында Қазақстанның халық жазушысы, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, аса көрнекті ұлт ақыны, белгілі драматург, талантты сазгер Исраил Сапарбай ағамыз дүниеден өтті. Иә, сағат тілі қасиетті жұмаға қарай ауғанда ақынның соңғы демі үзілді», – деп жазды Бегман.
Төраға орынбасарының айтуынша, ұлы ақынның Қаскелеңдегі қара шаңырағында, бала-шағасының алдында «ауыр науқастан қайтқаны жайлы хабарды» марқұмның ұлы Нұрлан Исраилұлы хабарлаған.
«Аса көрнекті лирик ақын Исраил Сапарбайдың артында қаншама әндері, лағылдай, мөлдіреген жақұттай поэзиясы, мәңгі өлмес сырлы, мұңлы жырлары қалды. Жазған пьесалары М.Әуезов театрынан бастап еліміздің бірнеше театрларында сахналанып, отты жырлары өз оқырмандарын тауып, әсем әндері миллиондардың жүрегіне жетіп, қазақ аспанында қалықтап тұр», – деп жазды Жазушылар одағының өкілі.
Исраил Сапарбай 1941 жылы 15 мамырда Өзбекстанның Самарқанд облысы Кушрабад ауылында туған. Шымкент педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Бірнеше жыл «Оңтүстік Қазақстан» газетінде істеді. Кейін «Жалын», «Жазушы» баспаларында, «Қазақ әдебиеті» газетінде еңбек етті.
70-ке тарта ән мен 150-ге тарта ән мәтіндерінің авторы. «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», «Абай-Тоғжан», «Сығай серенадасы», «Махаббат мейрамы» пьесалары театр сахнасында қойылып жүр.
«Платина Тарланы» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері.
Kursiv.Media ұжымы ақының туған-туыстарына, қазақ әдебиетінің барша жанашырына қайғылы қазаға орай көңіл айтады.