Жаңалықтар

Бразилия президенті Лула: Трампты ешкім әлем императоры етіп сайлаған жоқ

Бразилия президенті Лула мен АҚШ президенті Трамп дауласып қалды / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Бразилия президенті Лула мен АҚШ президенті Трамп дауласып қалды / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва АҚШ президентінің тарифті көтеру туралы мәлімдемесіне жауап берді. Ол Дональд Трампты ешкім әлем императоры етіп сайлаған жоқ деп мәлімдеді. Бұл туралы CNN телеарнасы хабарлайды.

Өткен аптада Дональд Трамп 1 тамыздан бастап Бразилияға баж салығын 50%-ға көтеретінін айтқан. Ол Лулаға жазған хатын өзінің Truth Social әлеуметтік желісіне жариялаған. Трамп Бразилияның экс-президенті Жаир Болсонаруды соттап жатқанына ренжіген.

Болсонару, Трамптың жақын одақтасы, Бразилияда билікті күшпен тайдыруға оқталды деген айыппен сот алдында жауап береді. Саясаткер қырық жылға сотталуы мүмкін.

Бразилия президенді да Сильва бейсенбі күні CNN телеарнасына сұхбат берді. Ол Трамптың қоқан-лоққысы «шектен шығып кетті» деп мәлімдеді.

«Бразилияда сот билігі тәуелсіз. Республика президенті оған ықпал ете алмайды», – дейді Лула.

Болсонару тағылған айыпты жоққа шығарып отыр.

Лула 6 қаңтарда Капитолийдегі көтеріліс Бразилияда болса, Трамп сот алдында жауап берер еді деп мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетейік, Трамп 1 тамыздан бастап Қазақстанға да 25% баж салығын енгізген. Ресми Астана сауда салығы Қазақстанның Құрама Штаттарға экспортының 95%-на әсер етпейді деп отыр.

Осы аптада Трамп Қазақстанға Ресеймен байланысы үшін тағы салық салуы мүмкін екені мәлім болды.