Қазақстанда 30 мыңнан астам адамға бедеулік диагнозы қойылған

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Қазақстанда бала туу деңгейі жылдан-жылға төмендеп барады / Фото: shutterstock

Қазақстанда бала туу көрсеткіші азайып барады, әрі бұл уақытша құбылыс емес, керісінше, тұрақты әрі алаңдатарлық үрдіске айналды. Отбасылар бала сүюді жиі кейінге қалдыруы жиілеп кеткен. Кей жағдайда мүлдем бұл ойдан бас тартатын жағдайлар да кездесіп жатады. Бұған себеп — экономикалық тұрақсыздық, баспана бағасының қымбаттауы мен болашаққа деген сенімсіздік. Ranking.kz сарапшылары осындай тұжырым жасап отыр.

Статистика

2025 жылдың алғашқы үш айында елде 77,3 мың сәби дүниеге келген. Бұл — өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 16 %-ға аз.

«2021 жылы Қазақстанда шамамен 447 мың бала туған болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 366 мыңға дейін төмендеді. Туу коэффициенті яғни әр мың адамға шаққандағы туу саны соңғы бес жылда 40%-ға жуық азайды. БҰҰ болжамына сәйкес, бұл төмендеу көрсеткіші XXI ғасырдың соңына дейін жалғасуы мүмкін», — деп жазады сарапшылар.

Туу деңгейінің төмендеу себебі

«Бірінші себеп – экономика. Нақты айтсақ, баспана, білім беру мен медицина қымбаттап барады, ал табыс бәрінде бірдей өспей отыр. Баланы асырау — елеулі қаржылық жүктеме. Сондықтан көптеген отбасы бала сүюді кейінге шегеріп немесе одан мүлдем бас тартып жүр. Екіншіден, құндылықтар өзгеруде. Жастардың көбі мансапқа, өзін-өзі дамытуға, еркін өмір сүруге ден қоюда. Отбасы құру кейінге қалдырылып жатыр», — деп көрсетілген дереккөзде.

Медициналық мәселе де бар

Бүгінде балалы бола алмай жүрген жұптардың саны өсіп келеді. 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында ғана «бедеулік» диагнозымен есепке алынғандар саны 30 мыңға жуық әйел мен 100-ден астам ер адамды құраған. Бұл бес жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда үш есе көп.

Қазақстандықтар не дейді

Сауалнамаға сәйкес, респонденттердің 51%-ы балалары барын айтып, енді бала жоспарламайтынын жеткізген. Тағы 4 %-ы мүлде бала көтергісі келмейтінін айтқан. Тек 10,5%-ы ғана төрт немесе одан да көп бала болғанын қалайды. Қалалық жерде бала сүюден бас тарту ауылға қарағанда жиі кездеседі.

Өңірлер арасындағы айырмашылық

Бала туу көрсеткіші бойынша Маңғыстау, Түркістан облыстары және Шымкент қаласы алда келеді. Ең төмен көрсеткіштер Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген. Бұл өңірлердегі туу көрсеткіші көшбасшы аймақтармен салыстырғанда екі есе төмен.

Салдары қандай болуы мүмкін?

Сарапшылар егер бұл үрдіс жалғаса берсе, алдағы онжылдықтарда Қазақстан демографиялық дағдарысқа тап болуы мүмкін деп отыр. Бұл жастардың жетіспеушілігі, халықтың қартаюы, экономикалық жүктеменің артуы, зейнетақы мен денсаулық сақтау жүйесіне түсетін қысым деген сөз.

БҰҰ Халық саны жөніндегі қоры да (ЮНФПА) әлемде туу деңгейі бұрын-соңды болмаған деңгейге төмендеп бара жатқанын мәлімдеді. Соңғы зерттеу көрсеткендей, баланы бағып-қағуға кететін шығынның өсуі мен лайықты өмірлік серіктің жолықпауы миллиондаған адамның перзент сүюге деген ниетіне әсер етеді.

Сондай-ақ оқыңыз