Сингапур мен Лондон әлемдегі ең қымбат қала атанды

Сингапур үшінші жыл қатарынан ауқатты азаматтар үшін өмір сүруге ең қымбат қала болып танылды.
Швейцариялық Julius Baer банк тобының есебіне сүйенсек, рейтингте екінші орынды Лондон, үшінші орынды Гонконг иеленді. Ең қымбат мегаполистердің алғашқы бестігіне сонымен қатар Монако мен Цюрих кірді. Шанхай, Дубай, Нью-Йорк, Париж және Милан да бұл тізімді жалғап тұр.
Рейтинг 20 түрлі тауар мен қызметтің бағасы негізінде жасалды. Яғни ауқатты адамдар пайдаланатын заттардың қамтиды: қымбат автокөліктер, зергерлік бұйымдар, заңгерлік қызметтер және жекеменшік мектептердегі білім беру.
360 долларлық миллионерлер арасында жүргізілген сауалнама да ескерілді. Julius Baer талдаушыларының айтуынша, люкс сегментіндегі тауарлар мен қызметтердің бағасы көбіне жалпы инфляция деңгейінен екі есе жылдам өседі. Мәселен, өткен жылы бизнес-класс ұшақ билеттерінің құны 18,2%-ға қымбаттаған.
Банк сарапшыларының атап өтуінше, әлемнің ең қымбат үш қаласының қатарында Азияның екі мегаполисі Сингапур мен Гонконг бар.
«Азия-Тынық мұхиты аймағы әлемдегі ең жылдам экономикалық өсім қарқынын көрсетіп отыр. Бұл өңірде 2024 жылы нақты ЖІӨ 4,5%-ға өсті, ал әлемдік экономика жалпы алғанда 3,3%-ға артты. Бұл өңірде байлықтың белсенді түрде жиналуына алып келді. Алдын ала деректерге сүйенсек, былтыр Азиядағы долларлық миллионерлер саны 5%-ға артып, 855 мың адамға жетті», — делінген есепте.
Аталған индекс АҚШ президенті Дональд Трамптың импорттық баж салығын едәуір арттыру туралы мәлімдемесіне дейін жасалған. Бұл шешім жаһандық нарықтарда құбылмалылықты туғызып, бірқатар активтердің қайта бағалануына себеп болды.
Айта кетейік, Қазақстандағы ең ірі мегаполис – Алматы қаласындағы бағамен әлемнің тағы бірнеше ірі шаһарында өмір сүруге болады.