Lifestyle

Жаңартылған Geely Monjaro қуатты әрі жылдам болады

Жаңа Geely Monjaro несімен ерекшеленеді / Фото: geely-echoauto.ru

Geely компаниясы Monjaro кроссоверінің жаңартылған нұсқасын дайындап жатыр. Автокөлік 272 ат күшіне ие қозғалтқышпен жабдықталады. Бұл — қазіргі нұсқадан 34 ат күшіне артық. Сондай-ақ дизайн да өзгерген, көлік сәл ұзындау болады. Бұл туралы Autohome басылымы хабарлады.

Geely компаниясы Monjaro кроссоверінің жаңа нұсқасын ресми түрде тіркеді. Автокөлікке жаңартылған қозғалтқыш орнатылып, сыртқы келбетіне де шамалы өзгерістер енгізілген. Бұл өзгерістер Қытай Өнеркәсіп министрлігінің жаңартылған сертификаттау каталогында көрсетілген. Сол құжатта модификацияланған модель жайлы ақпарат пайда болды. Көліктің Қытайдағы сатылымы 2025 жылдың соңына дейін басталады деп күтілуде.

Geely Monjaro-ның техникалық қуаты

Қазіргі қолданыстағы Geely Monjaro кроссовері 238 ат күшіне ие 2.0 литрлік қозғалтқышпен жабдықталған. Автокөлік 8 сатылы автоматты беріліс қорабымен жұмыс істейді. Жаңартылған модель 272 ат күшіне ие қозғалтқышпен келеді. Соның арқасында оның ең жоғары жылдамдығы 225 км/сағ-қа дейін артқан. Каталогта жетек жүйесі нақты көрсетілмегенімен, бұрынғы нұсқаларда толық жетек те ұсынылған болатын.

Шанағында қандай өзгеріс болады

Сыртқы өзгерістерге жаңа алдыңғы бампер жатады, оның есебінен көлік 25 мм-ге ұзарады, жаңа өлшемдері 4795 х 1895 х 1689 мм болды. Ал дөңгелек базасы 2845 мм болып қала берді. Сондай-ақ, опциялар тізіміне 19 және 20 дюймдік жаңа дискілер қосылған. Негізгі сыртқы өзгеріс осы элементтермен шектелген.

Қазақстан нарығындағы жағдай

Қазақстан нарығында Geely Monjaro екі түрлі комплектацияда ұсынылған. Жарияланған күнгі валюта бағамы бойынша бұл кроссовердің бастапқы бағасы 22,7 млн теңгеден басталады. Бұл оны өз сегментіндегі ең қымбат үлгілердің біріне айналдырады. Соған қарамастан, Geely Қазақстанда ең көп сатылған 10 көліктің қатарына енді. Қазақстан Автоөндірушілер Одағының дерегінше, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында брендтің 5271 көлігі сатылған. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың алғашқы жартысымен салыстырғанда 61,9%-ға жоғары. Жаңа Geely Monjaro нұсқасы компанияның Қытай ішкі нарығындағы позициясын күшейтеді деп күтілуде. Қазақстанда қытайлық кроссоверлерге деген тұрақты сұранысты ескерсек, аталған модель болашақта біздің елге де келуі әбден мүмкін.

Еске салайық, Geely EX5 атты бағасы небәрі 8, 17 миллион теңге тұратын электрокар Еуропа нарығына шыға бастады. Жақында Қазақтанға келеді деп күтілуде.