
Қазақ қоғамында бұрын ашық айтыла бермейтін тақырыптың бірі пластикалық ота болатын. Ал кейінгі жылдары тенденция өзгерді. Блогерлер, әншілер мен кино әлемінің жұлдыздары хирургтың көмегіне жүгініп, кем-кетігін түзейтінін жасырмай айтатын болып жүр. Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді демекші, пластикалық операция жасау туралы шешімге келетіндердің түрі көп. Мысалы біреу эстетика үшін жасатса, енді біреуге денсаулығына байланысты жасауға тура келеді. Бүгінгі материалымызда ота жасатқан жұлдыздарды тізіп шығамыз.
1. Маммопластика: төсін үлкейткендер
Данеля Садықова (@dequine)
Жас әнші төсін жасатқаны туралы ашық айтып, тыңдармандары мен оқырмандарынан ештеңе жасырғысы келмейтінін жазған. Оның айтуынша, бұрын оған өзінің сырт келбеті, дене бітімі толықтай ұнайтын. Дегенмен операция жасалғаннан кейінгі нәтижелер түсірілген видеоны көргеннен кейін төсін үлкейткісі келетінін түсінген.
«Өзіме кішкентай ғана төсім ұнайтын. Кішкентай деп ешқашан уайымдаған емеспін. Қаншалықты ауыртатынын білгенде, бәлкім, жасатуға шешім қабылдамас па едім. Операция өте ауыр. Сондықтан салдарын ойланып, таразылап барып жасатқан жөн», — деп жазды Данеля. Сөз соңында Dequine аудиториясымен арада қалыптасқан ашық қарым-қатынасты қатты бағалайтынын, сондықтан дене бітімін өзгерткені туралы ашық айтуға бекінгенін атап өтті.
Жәния Джуринская (@djurinskaya)
Актриса әрі блогер биыл сәуірде Бішкекке барып бірнеше операция жасатып келді. Өзі операция сәтінен видео салып, парақшасына жариялады. Жәния маммопластика ғана емес, бөксесіне — липофилинг, ішіндегі артық майды кестіретін абдоминопластика жасатқан.
«Операциядан кейінгі алғашқы күндері ұзаққа дейін қалыпқа келе алмай қиналатын шығармын деп қорықтым. Тіпті сөйлеуге шамам келмей ме деп ойлағам. Бірақ арада үш күн өткенде-ақ билеп кеттім», – дейді ол.
Жәния дене бітімін өзгерткеніне қуанышты екенін жазды. Бірақ оқырмандарына абайлау керегін, шешімге келмес бұрын жеті рет өлшеп, бір кесу керегін ескертті.
«Өмірге реалист ретінде қарағандарыңыз жөн. Мен дәрігердің парақшасын белгілеп салғаннан кейін көп қыз қызыққанын байқадым. Мұндай қалауда тұрған ештеңе жоқ. Дегенмен тіпті келбетіңізді адам танымастай өзгертіп, бәрін жасатсаңыз да, ішкі күйіңізді реттемесеңіз, көңіліңіз тыншымайды. Сондықтан алдымен ментал саулықты дұрыстаңыздар. Содан кейін барып эстетикаға кірісесіздер», — деп жазды Джуринская.
Естеріңізге сала кетсек, Жәния Джуринскаяның екі баласы бар. Екіншісіне 10 ай толғаннан кейін, «оянып, бұрынғы қалпыма оралуым керек дедім» деп жазған еді. Осылайша босанғаннан кейін қалып қойған ішін, бөксесіндегі майларды да сылып тастап, кеудесін тарттыруға бел буған.
Мадина Мамадалиева (@_m_a_d_l_e_n)
Өзін-өзі брендке айналдырғанын айтып жүретін блогер пластикалық отаға қарсы емес екенін үнемі айтып жүреді. Бірақ шектен шықпау қажет деген пікірді ұстанады.
«Пластикалық операция жасауға не әдемі болу үшін ине салғызуға ешқандай қарсылығым жоқ. Өзіңе көңілің толмай өмір сүргенше, мықты мамандардың көмегіне жүгінген дұрыс деп есептеймін. Өз басым ерніме ғана инъекция салдырғанмын. Бетіме әзірге тиіскен жоқ. Бірақ уақыт өте келе жасатуым мүмкін. Мұнда тұрған не бар? Косметология саласы дамып жатыр. Бастысы, шектен шықпасаңыз болғаны. Қанша жерден «табиғи сұлулық керек» десеңіз де, төсіңіз салбырап кетсе, екінші иегіңіз көзге көрініп тұрса, қабағыңыз түсіңкі болса, онда мұндай табиғи сұлулықтың не керегі бар?» деп жазған еді блогер.
Мадленнің айтуынша, біреуді көшіріп, содан аумайтындай түр жасауға ұмтылудың керегі жоқ. Десе де, комплекстері бар қыздар содан құтылу үшін ота жасатса, ештеңе етпейді деген пікірде. «Әрине, операция жасату үшін адамға денсаулық пен ақша керек. Егер қалтаңыз көтермейтін болса, онда ақшасы бар адамдарды сынап-мінегенді қойыңыздар», — деп сөзін қорытындылады ол.
2. Ринопластика: мұрнын түзеткендер
Жарқынай Ханайым (@jarkynaixanaiym)
Актриса мұрнын өзгерту туралы шешімді өзі үшін қабылдағанын айтқан. Операциядан кейін хирургтерге алғыс білдіре отырып, ота үшін табалағандарға былай деп жауап берді:
«Ешкімге ештеңе дәлелдеу ойымда жоқ. Егер ұнамаса, онда істетпей-ақ қойыңыздар. Жасатқан адамды сынамаңыздар. Бұл отаға ешкім күштеп итермелеген жоқ. Өзімнің сұлу екенімді жақсы білемін. Еш қорыққан жоқпын. Бойымда 10 еркекке татитын батырлық бар. Өмірде көп нәрсе көрдім. Армандап, батпай жүре бергеннен бір рет жасаған дұрыс», – деді ол.
Айым Сейтметова (@aiymsm)
Блогер мұрнына операцияны эстетика үшін жасатпаған. Дәрігерлер кеңесі бойынша ота жасау қажет болған.
«Менде ринит болған еді. Ауа жетпей, қысылатынмын. Сондықтан ота жасауға тура келді. Операция 6 сағатқа созылды», — деп жазды өзі. Айым оқырмандарына осындай мәселе болса, онда ұзатпай шешуге кеңес берді.
Айкерім Шахман (@aiker.ss)
Кәсіпкер, блогер мұрнына — ринопластика, қабағына блефаропластика жасатқан. Бұл отаны ол кореялық дәрігерлерге тапсырған. Жасатқан операциялары туралы парақшасында ашық жазды. Емхананың сапасы, дәрігерлердің білігі туралы да бөлісті. Оқырмандарына ринопластикаға — 4 миллион теңге, блефаропластикаға 1,5-2 миллион теңгедей кеткенін айтты.
3. Липофилинг және липосакция
Карина Оксукпаева (@oksukpaevak)
Блогер Каринаның үш баласы бар. Ол өзіне липофилинг жасатып, белі мен ішіндегі артық майды алдырғанын ашық жазды. Одан алынған майды төсіне коррекция жасауға қолданған екен.
«Сондай бақыттымын! Төсім көтеріліп, көлемді болып қалды. Дене бітімім де көңілімнен шығады. Бастысы, ешқандай тыртық қалған жоқ. Жылдам қалыпқа келдім», — деп жазған еді ол отадан кейін.
4. Блефаропластика: қабағын істеткендер
Әлішер Кәрімов (@alisher_k)
Ер жұлдыздардың ішінде блефаропластика жасатқанын мойындаған алғашқылардың бірі десек болады. Әйелдер арасында бұл ота екінің бірінде кездеседі. Сондықтан тізбектеп жатудың қажеті шамалы деп шештік. Десек те, ерлер тарапынан да бұл ота жиі жасалатынын атап өту керек.
«Кореяда блефаропластика маникюр іспеттес қабылданады. Процедура бар-жоғы 40 минуттай ғана уақыт алады, онша ауыртпайды. Біз артист болғасын үнемі жарқырап көрініп жүруіміз керек. Мамандығымыз сондай», — деген еді өзі. Әлішер одан бөлек, омыртқасына да күрделі ота жасатқан.
Мұхамеджан Тазабеков (@mukhamedzhan_tazabek)
Белгілі айтыскер ақынның сырт келбеті өзгеріп кеткенін көпшілік біраз талқылады. Ол денсаулығына байланысты ота жасатуға мәжбүр болғаны туралы айтты. Дегенмен пластикалық операция туралы сөз қозғаған жоқ. Қоғам қайраткерінің фоллоуерлері блефаропластика мен смас-лифтинг белгілері байқалатынын пікірге көп жазды. Яғни қабағын жасатып, бетін тарттырған болуы мүмкін деген пікір бар.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Қазақстандағы жарасымды 5 отбасы туралы жазғанбыз.