
«Қазгидромет» РМК ел аумағында 19 шілдеде күтілетін ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктер республиканың басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы сақталатынын мәлімдеді.
Елдің солтүстігінде және орталығында нөсер жаңбыр жауады. Ал батыс және оңтүстік өңірлерде антициклон жотасының ықпалымен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Республика бойынша желдің күшеюі болжануда.
Күндіз Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Абай, Жетісу облыстарында және Қарағанды облысының оңтүстігінде қатты ыстық — 35-39°С болады деп күтіледі. Қызылорда және Түркістан облыстарында күндізгі температура 40-43°С дейін жетеді. Жамбыл мен Маңғыстау облыстарында да күндіз 38-42°С қатты ыстық болады.
Алматы облысының батысында, солтүстігінде және орталығында, Жетісу облысының шығысы мен орталығында, Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының оңтүстігінде өте қатты ыстық — 40-42°С күтіледі. Маңғыстау облысының оңтүстігінде өте қатты ыстық — 43°С болады деп болжануда.
Аптап ыстық болатын өңірлерде өрт қауіптілігі де жоғары.