Алматыда «Қазавиақұтқару» тікұшағы адамдарға қауіп төндірді

«Қазавиақұтқару» тікұшағы Алматыдағы «Медеу» спорт кешені аумағынан қауіпті жағдайда ұшып шығып, адамдарды қағып кете жаздады. Бұл сәт бейнежазбаға түсіп, әлеуметтік желілерде тарады.
Кадрлардан тікұшақтың жерденбірден көтеріле алмағанын, бірнеше рет қисайып, ағаштардың бұтақтарына тиіп кеткенін анық көруге болады.
«Қазавиақұтқару» АҚ хабарлауынша, тікұшақ «Медеу» спорт кешені маңындағы ресми алаңнан алдын ала берілген өтінім бойынша жоспарлы ұшуды орындаған.
«Әуе бортын біліктілігі расталған тәжірибелі ұшқыш басқарған. Ұшуға дейін бортмеханик азаматтарға қауіпсіз қашықтықты сақтау қажеттігін ескерткен. Алдын ала мәлімет бойынша, ұшу сәтінде желдің бағыты мен күші күрт өзгерген, бұл әуе көлігінің тұрақтылығына әсер етуі мүмкін. Оқиғаның себептері ішкі тексеріс аясында анықталып жатыр. Әуе кемесін жедел әрекет ету тобы тексерді – техникалық ақаулар анықталған жоқ», – делінген хабарламада.
Ал Астанадағы тұрғын үй кешенінің бірінде құрылыс алаңында қайғылы оқиға орын алды. Қатты жел салдарынан кран құлап, бір адам көз жұмды.