Жаңалықтар

Ақтауда жалаңаш бір жігіт 11 қабатты үйдің шатырынан құлап, мерт болды

фото: куәгерлер түсірген сурет, lada.kz
Ақтауда бір ер азамат биік үйдің шатырынан секірді / фото: куәгерлер түсірген сурет, lada.kz

Ақтау қаласында тыржалаңаш бір жас жігіт он бір қабатты биік тұрғын үйдің шатырынан құлап, мерт болды. Оқиға орнынан түсірілген видеоны жергілікті Lada.kz басылымы жариялады.

Басылым мәліметінше, қайғылы оқиға 20 шілдеде таңертең Ақтаудағы бесінші ықшам ауданда орналасқан № 22 үйде болды.

Құтқарушылар биік тұрғын үй шатырында 5G антеннаға жармасып тұрған жігітті аман алып қалуға тырысты. Олар шатырға қарай автобаспалдақ көтерді. Алайда құтқарушылар жақындап қалған сәтте, әлгі жігіт шалқасынан төмен қарай құлады.

Маңғыстау облысының жедел медициналық жәрдем станциясының хабарлауынша, ол дәрігерлер жетем дегенше сол жерде жан тапсырған.

Өңірлік полиция департаментінің хабарлауынша, осы оқиғаға байланысты «өз-өзіне қол жұмсау жағдайына дейін жеткізу» бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды.

Қайғылы оқиғаға не себеп болғаны анықталып жатыр. Тыржалаңаш ер азаматтың шатырда не істеп жүргені де әзірге белгісіз.