Жаңалықтар

Ақбөкен етінінен аса қауіпті ауру тарала ма

Суаттағы ақбөкендер / фото: shutterstock

Ауыл шаруашылығы министрлігі ақбөген етін жеуге болмайды деген мәліметті жоққа шығарды. Бұған дейін әлеуметтік желілерде ақбөкен еті адам денсаулығына зиян деген мәлімет тараған.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан аумағында көбейген ақбөкен етінің әр келісін 1600 теңгеден сатуды көздейді. Соған байланысты блогер Кирилл Павлов оның етінен созылмалы аурулар тарауы мүмкін деп топшылаған.

Артынша министрлік осы мәселеге қатысты жауап жариялады. Оны ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті дайындады.

«Жануарлардың аса қауіпті ауруларын (ұсақ күйіс қайыратын жануарлардың обасы, аусыл, бруцеллез, пастереллез, сібір жарасы және тағы басқа) болдырмау мақсатында ақбөкендердің бүкіл популяциясына Ұлттық ветеринария референттік орталығы тұрақты түрде эпизоотиялық мониторинг жүргізеді», – деп хабарлады мекеме.

Бұл ретте министрлік түз жануарларын қыру емес, оның орнына «ақбөкендердің санын реттеу» сөйлемін жиі қолданған. Аң еті емес, «ақбөкеннен алынған өнім» деп сыпайы нұсқасын келтірген.

Мекеме мәліметінше, осындай жұмыспен алты облыста 24 сою пункті айналысады. Олардың бәрі ветеринария талаптарына сай дейді министрлік. Ақбөкендерді атумен «Охотзоопром» РМК қызметкерлері айналысады. Олар сойылған ұшаны рефрижераторға салып, сою мекемесіне жеткізеді.

Қазақстанда ақбөкен ату ресми түрде 1 шілдеде басталған. «Ақбөкендердің санын реттеу» 30 қарашаға дейін жалғасады.

Соған байланысты Батыс Қазақстан облысында ақбөкен етінен шұжық жасау өндірісі іске қосылды.