«Не болғанын білеміз»: Әлиев Ақтаудағы ұшақ апатына орай Ресейді сотқа бермек

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев жеті ай бұрынғы ұшақ апаты жауапкершілігін Ресей билігі мойнына алғанын қалайды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлайды.
«Біз не болғанын нақты білеміз. Оны дәлелдей аламыз. Одан қалды, Ресей шенділері де нақты не болғанын біліп отыр. Неге олар, жауапты көрші ретінде, жасағанын ісін мойнына алмай отыр? Басты мәселе осы», – деп мәлімдеді Әлиев Ханкенді қаласында өткен баспасөз конференциясында.
Azerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясының жолаушы ұшағы 2024 жылғы желтоқсанның аяғында Ақтау әуежайына жақын маңға құлаған. Апаттан 38 адам қаза тапқан. 29 адам аман қалған.
Ресей президенті Владимир Путин бұған дейін Әлиевтен кешірім сұраған, бірақ ұшақты Ресей атып түсірді демеген.
Енді Ильхам Әлиев Ресей билігінен жолаушы ұшағын абайсызда атып түсіргенін көпшілік алдында мойындауды, кінәлілерді жазалауды талап етіп отыр. Бұған қоса, Әзербайжан президенті Мәскеуден апаттан зардап шеккендерге, қаза тапқандардың отбасыларына өтемақы төлеуді сұрайды.
Кейінгі бірнеше айда Мәскеу мен Баку арасы қатты суып кетті, деп жазды Reuters. Себебі жақында Ресей полициясы федерация аумағында тұратын этникалық әзербайжан тобын ұстап, оларға түрлі айып таққан.
Ханкендідегі баспасөз конференциясында Әлиевтен Украинаға қандай кеңес бересіз деп те сұраған.
«Басқыншылыққа ешуақытта келіспесін. Біз солай істедік», – деп жауап берген Әзербайжан президенті. Ол Ресей-Украина жанжалын Әзербайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабақ үшін таласпен салыстырған.
Енді Баку Әзербайжан мен оның Нахичевань эсклавы арасында Армения арқылы өтетін транзит дәлізін азуды көздеп отыр. Мұндай дәліз 32 шақырымға созылады. 16 шілдеде Армения президенті Никол Пашинян көлік дәлізін басқаруды АҚШ мойнына алуды ұсынды деп мәлімдеген.
2025 жылғы наурызда Армения мен Әзербайжан бейбіт келісім жобасын талқылауды аяқтағанын жариялады. Алайда маңызды құжатқа нақты қашан қол қойылатыны әзірге белгісіз.