
Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) жексенбі, 20 шілдеде республиканың бірнеше өңірінде ауа температурасы 45-46 градусқа дейін көтерілетінін ескертті. Министрлік мәліметінше, ыстық аймақтарда өрт шығу қаупі жоғары.
Қазақстанда 9 шілдеде басталған аптап ыстық 22 шілдеге дейін созылады. Сол себепті министрлік өңірлерде өрт қаупі жоғары екенін күнде ескертіп жүр.
Ақтөбе, Атырау, Алматы, Түркістан, БҚО, Маңғыстау, Жамбыл және Жетісу облыстарында + 45 ° дейін ыстық болады деп ескертті ТЖМ.
Министрліктің ресми сайтында жарияланған мәліметке қарағанда, шыжыған ыстықтың беті 20 шілдеден бастап қайтуы тиіс. Дегенмен кей өңірде аптап тағы бірнеше күнге созылады.
Атап айтқанда, Түркістан облысында ауа температурасы 44 градусқа дейін, ал өңірдің өңтүстігінде 46 градусқа дейін қатты ыстық болады. Өрт шығу қаупі жоғары. Облыста келесі аптадан бастап күннің ыстығы басылуы тиіс.
Ал Қызылорда облысында аптап 22 шілдеге дейін созылады. Осы өңірдің оңтүстігінде ауа температурасы 45 градусқа дейін жетеді. Өрт шығуы мүмкін.
ТЖМ Түркістан мен Қызылорда облыстарында 20 шілдеде шаңды дауыл тұратынын, оның екпіні 20-23 м/с дейін күшейетінін ескертті.
Атырау мен Маңғыстау облыстарында ауа температурасы 44 градусқа дейін көтеріледі. Ал Жамбыл облысында 43 градусқа дейін ыстық болады.
Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында 42 градусқа дейін күн ысиды. Алматы мен Жетісу облыстарында да дәл осындай ыстық болады.
Алматы қаласында ауа температурасы 38 градусқа дейін көтеріледі.
Республиканың басқа да өңірлерінде де өрт шығу қаупі сейілген жоқ.
Бұған дейін Kursiv.Media аптап ыстықтың адам ағзасына әсері, күн өткенде не істеу керектігі туралы материал жариялаған.