
«Алтын доптың» сегіз дүркін иегері Лионель Месси MLS лигасында тағы екі гол соқты. Бұл дубль аргентиналық футболшыға гол саны бойынша (пенальтисіз) Криштиану Роналдуды басып озуға мүмкіндік берді.
«Интер Майами» клубының шабуылшысы Лионель Месси 20 шілдеде «Нью-Йорк Ред Буллз» қақпасына екі гол соқты. Бұл матч 5:1 есебімен аяқталды.
Осылайша, аргентиналық сұрмерген пенальтисіз соққан гол санын 764-ке жеткізді. Роналду 763 гол соққан.
11 метрлікті қоса есептер болсақ, португалиялық шабуылшы алда келеді. Бұл екеуі футбол тарихындағы ең көп гол соққан футболшылар. Роналду 1281 ойында 938 гол, ал Месси 1114 матчта 874 гол соққан.
«Алтын доп» сыйлығын сегіз мәрте алған Месси футбол тарихында ең көп атақ жинаған спортшы: Аргентина құрамасы сапында әлем чемпионы (2022) атанды; Чемпиондар лигасын төрт мәрте жеңіп алды; Испания чемпионатының тоғыз дүркін жеңімпазы болды.