Алғаш рет қазақ-испан сөздігі жарық көреді

Мадрид қаласында алғашқы қазақ-испан сөздігін шығару туралы ұсыныс жасалды. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігі (СІМ) хабарлайды.
Министрлік мәліметінше, Қазақстанның Испаниядағы елшісі Данат Мұсаев Мадрид қаласында Сервантес институтының директоры Луис Гарсия Монтеромен кездесті.
«Олар білім, мәдениет және тіл алмасу салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады», – деп хабарлады СІМ.

Кездесу барысында алғашқы қазақ-испан сөздігін шығару туралы ұсыныс айтылды. Мұндай бастама екі ел арасындағы мәдениетті, академиялық диалогты кеңейте түседі.
Олар Қазақстан мен Испания арасындағы мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған нақты жобаларды іске асыруға дайын екенін растады.
Қазақстандағы орта мектептерде, жоғары оқу орындарында көбіне ағылшын, француз және неміс тілдері оқытылады. Соған байланысты қазақ-испан тілінде оқулық жоқтың қасы.
Әлемде шамамен 600 млн адам испан тілінде сөйлейді. 470 млн адам испан тілін ана тілім деп есептейді. Испан тілі таралуы жағынан ағылшын, хинди және қытай тілдерінен кейінгі төртінші орында тұр. 21 ел испан тілін ресми тіл деп жариялаған.