Бублик Гштад қаласындағы ірі турнирде топ жарды

Қазақстандық теннисші Александр Бублик осы маусымдағы екінші ірі жеңісін тойлады. Ол Швейцарияның Гштад қаласындағы турнирдің финалында Хуан Мануэль Серундолоны үш сетте жеңді.
Қазақстанның бірінші теннисшісі Александр Бублик 2025 жылғы екінші, жалпы кәсіпқой теннистегі алтыншы атағына ие болды. Жақында ғана ол Галле қаласындағы ірі турнирде топ жарған.
Гштадтағы жарыстың финалына ешкімге сет бермей жеткен Бубликке 23 жастағы аргентиналық айтарлықтай қарсылық көрсетті. Бірінші сетте Александр 6:4 есебімен басым түссе, екінші партия дәл осындай есеппен оның қарсыласының пайдасына шешілді.
Турнир жеңімпазы үшінші – шешуші сетте анықталды. Александр партияның алтыншы геймінде брейк жасап, одан әрі қарқынынын үдете берді. Матч 6:4, 4:6, 6:3 есебімен аяқталды. Ойын барысында Бублик 13 эйс орындап, төрт мәрте брейік жасады.
Отандасымыз Швейцариядағы жеңісінен соң 250 ұпай алды. Соның арқасында 28 жастағы теннисші дүйсенбіден бастап ATP рейтингінде 29-орынға көтеріледі.
Келесі аптада Бублик Австрияның Кицбюэль қаласында өтетін тағы бір ATP250 турниріне қатысады. Содан кейін ол АҚШ-қа аттанып, USOpen-2025 қарсаңындағы турнирлерде ойнайды.