Жаңалықтар

Тимур Турлов Шымбұлақта ат шахмат фигурасы мүсінін ашты

фото: Қазақстан шахмат федерациясы

20 шілде – Халықаралық шахмат күні Алматыдағы Шымбұлаққа ат шахмат фигурасының Minecraft стиліндегі мүсіні қойылды. Арт-нысанды Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов ашты.

Инсталляция қалыңдығы бар болғаны 1,5 мм металл қаңылтырдан қолдан құрастырылған. Ол цифрлы дәуірдегі шахмат дәстүрін сипаттайды. Пиксельді дизайн жастар арасында кең танымал ойын мен шахматты біріктіреді.

Турлов пен Шымбұлақ директоры Ринат Әбдірахманов мүсінді бірге ашты. Арт-нысан Шымбұлақта қыркүйектің аяғына дейін тұрады. Себебі 19-30 қыркүйекте Алматы қаласында кадеттер арасында (U8–U12) әлем чемпионаты өтеді.

«Біз мектептер мен спорт залдарында ғана емес, тау шипажайларында, көшеде, саябақтарда да шахмат туралы айтылса дейміз. Интеллектіні дамытатын спорт Қазақстанның туризм мен мәдениетінің бір бөлігіне айналсын», — дейді Тимур Турлов.

Турлов
Тимур Турлов / фото: Қазақстан шахмат федерациясы

Таудағы шара аясында жастар арасында блиц-турнир өтті. Балалар арасындағы әлем чемпионы Елназ Қалиахмет бір сәтте бірнеше адаммен қатар ойнады.

Кадеттер арасындағы әлем чемпионаты Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді. Оған әлемнің 70 елінен 700-ден аса шахматшы жиналады.

2024 жылы Қазақстан шахматшылары түрлі жарыстардан 160 жүлде әкелді.

Тимур Турлов басқаратын Freedom Holding Corp бір жылдың ішінде Қазақстан шахмат федерациясына 11 млн 222 мың доллар аударды.